Қазақстанда жазда бірнеше халықаралық спорт жарысы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігінде жаз айларында Қазақстанда өтетін халықаралық спорт жарыстарына дайындық мәселелері талқыланды.

бочча
Фото: Астана әкімдігі

Жұмыс кеңесінде Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларында ұйымдастырылатын халықаралық турнирлерге дайындық барысы қаралды.

Кездесу барысында спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, спорт инфрақұрылымының дайындығы, логистика, медициналық қызмет көрсету, шетелдік делегацияларды орналастыру және орталық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар елордада өтетін боччадан Әлем кубогіне дайындықты талқылады. Аталған жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады.

Сонымен қатар кеңесте 16 елден шамамен 350 спортшы қатысатын байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты, 1600-ге жуық спортшы бақ сынайтын таеквондодан (WT) халықаралық турнирлер, 15 елден 250-ге жуық спортшы жиналатын жеңіл атлетикадан XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы, 50 елден 500-ге жуық спортшы қатысатын кураштан әлем чемпионаты және 700 спортшы бақ сынайтын WKF каратэден Орталық Азия чемпионатына дайындық мәселелері қаралды.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтті.

– Мұндай ірі спорттық іс-шаралар Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға, спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ықпал етеді, – деді ол.

Кездесу соңында жауапты мемлекеттік органдарға, федерацияларға және жарыс ұйымдастырушыларына халықаралық турнирлерге сапалы әрі уақтылы дайындалу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшы қыздар Азия чемпионатының финалына шыққаны мәлім болды.