Қазақстан жемқорлықпен күресте неге Қытай мен Сингапурдың тәсілін қолданбайды – Агенттік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде Қазақстан неге бұл істе Қытай, Сингапур, Израиль сияқты елдердің заңнамасын басшылыққа алмай отырғанын сұрады.

- Іс жүзінде азаматтар сыбайлас жемқорлардың әрекеттерінен зардап шегіп жатыр. Қазіргі әдістер қажетті толық нәтиже бермейді. Осы мәселеде жетістікке жеткен елдердің әдістерін пайдалануымыз керек шығар деп еріксіз ойланасың. Неліктен бізге, мысалы, Қытайдың, Сингапур мен Израильдің тәжірибесінің кейбір әдістерін пайдаланбасқа? Мүмкін сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері байқалар... Сіздің пікіріңіз қандай? - деп сұрады депутат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов ешбір елдің заңнамасын көз жұмып көшіруге болмайтынын айтты.
- Басқа мемлекеттің заңнамасын біз көз жұмып енгізбейтін шығармыз енді. Бізге келетін нормаларды енгіземіз. Сыбайлас жемқорлықты тоқтату әр адамнан басталады. Осы заң жобасында көп норма бар. Осы нормалар біздің жемқорлығымызды азайтады. Сондықтан кейбір халықаралық стандарттарды біз де зерделейміз, қараймыз. Қайсысы бізге келеді, қайсысы келмейді деген сияқты, - деді Ұлан Сарқұлов.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасы талқыланып жатыр.