Қазақстан ЖИ-хакатонға қатысушылар санымен Гиннес рекордын жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жасанды интеллект бойынша хакатонға қатысушылар саны жөнінен GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты. Рекорд 23 қыркүйекте Астанада өткен халықаралық HackAlem AI сайысында тіркелді.
AI & Digital Bridge форумы аясында Guinness World Records ресми төрешісі Гленн Поллард хакатонға барлық талапты орындаған 2415 адам қатысқанын мәлімдеді.
Осылайша, Қазақстан 2025 жылғы желтоқсанда Үндістанда орнатылған алдыңғы рекордтан асып түсті. Үндістанда осындай ЖИ-хакатонға 2089 адам қатысқан еді.
Сертификатты табыстау кезінде Гленн Поллард іс-шараның ауқымы мен ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
— Мен төреші ретінде 14 жылда үлкенді-кішілі көптеген рекордты көрдім. Бұл хакатонды өткізуге қаншалықты көп жұмыс жүргізілгенін өз көзіммен көрдім және сіздердің қандай қиындықтарға тап болғандарыңызды білемін, — деді ол.
Оның айтуынша, хакатонда ауқымды техникалық инфрақұрылым жасақталған. Іс-шара өтетін алаңда 75 шақырымнан астам дерек тарату кабелі тартылып, хакатон кезінде 4,5 ТБ дерек өңделген.
— Хакатонға ЖИ саласының мамандары мен әуесқойлары — жастар да, ересектер де қатысты. Олардың арасында 120-дан астам университет пен 21 елдің өкілдері бар. Жоспарлау, дайындық және ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейі мені ерекше таңғалдырды, — деп атап өтті Guinness World Records өкілі.
Гленн Поллард жаһандық технологиялық компаниялардың, соның ішінде OpenAI, NVIDIA және Palo Alto Networks компанияларының қатысуына да тоқталды.
— Бұл рекордты орнату арқылы сіздер Guinness World Records атағына ие болған таңдаулы топтың қатарына қосылдыңыздар. Бұдан бөлек, енді осы хакатон санаты бойынша әлемдегі үздік көрсеткіштің иесі ретінде ресми танылдыңыздар, — деді ол.
Төреші Қазақстанда ЖИ бойынша білім беру, инновация және технологиялардың дамып келе жатқанына да назар аударды.
— Бұл атақ Қазақстанның жасанды интеллектіні оқыту, дамыту және инновациялар саласындағы жетістіктерімен қатар алғанда, сіздердің ЖИ индустриясында із қалдырғандарыңызды көрсетеді. Енді бұған әлем назар аударуы керек, — деді Гленн Поллард.
Сертификатты Қазақстан Үкіметінің атынан қабылдаған Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хакатонға қатысушылар мен серіктестерге алғыс айтты.
— Бұл өте күрделі жұмыс болды. Мұны серіктестердің және осы хакатонға қатысқан барша адамның қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес еді, — деді Жаслан Мәдиев.
HackAlem AI «Жасанды интеллект айлығы» аясында өтіп, түрлі елдерден келген әзірлеушілерді, студенттер мен жас мамандарды біріктірді. Қатысушылар энергетика, қаржы, мемлекеттік басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникациялар және сауда сияқты 10 бағыт бойынша ЖИ-шешімдер әзірледі.
Хакатон қатысушылары OpenAI, NVIDIA және Arizona State University ұсынған жалпы құны 1,5 млн долларға дейінгі технологиялық және білім беру ресурстарына қол жеткізді.
Бұған дейін халықаралық ЖИ сарапшысы, Sinovation Ventures және 01.AI компанияларының бас директоры Ли Кай Фу Қазақстанның толыққанды жасанды интеллект орталығына айналуы үшін не қажет екенін айтқан еді.