Қазақстан жоғары білім саласында әлемнің қандай компанияларымен серіктес

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде еліміз Google, Huawei, NVIDIA секілді халықаралық алпауыт компаниялармен ынтымақтастық орнатып жоғары білім саласында бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

 Google
Фото: golosameriki.com

Бұл бағыттағы атқарылған жұмыс туралы толығырақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов айтып берді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық туралы тапсырма беріп, жоғары білікті мамандарды даярлауға көңіл бөлді. Бүгінде министрлік бірқатар жетекші халықаралық соның ішінде NVIDIA, Google, Huawei сияқты алып компаниялармен серіктестік орнатты. Аталған компаниялармен ынтымақтастық шеңберінде қазақстандық университеттер озық технологиялар мен платформаларға қол жеткізуде, бұл оларға заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік береді, - деді Нұрсұлтан Махатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

GOOGLE

Ғылым және жоғары білім министрлігі Google-мен бірлесіп еліміздің 15 жоғары оқу орнынан 5000 студентке арналған GenAI курстарын іске қосты. Курстар практикалық білімі бар модульдер мен блоктардан, бейне сабақтардан, сондай-ақ әр блоктың соңында тестерден тұрады. Google шешімдерінің Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне сәйкестігін бағалау үшін Абай атындағы ҚазҰПУ-да Google Workspace for Education пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба 1000 студент пен 100 магистрантты қамтиды.

NVIDIA

NVIDIA-мен ынтымақтастық аясында DLI Ambassador жобасына 12 университеттен 12 оқытушы қатысады. Биыл DLI сертификаттарын 3 оқытушы алды (әл-Фараби ҚазҰУ, ХАТУ және ҚБТУ). Ол оқытушылар студенттерді оқытып, сертификат береді.

HUAWEI

Huawei компаниясымен ынтымақтастық аясында 43 академия ашылды. Жоғары оқу орындарының базасында 100-ден астам жаттықтырушы даярланды және компания бағдарламалары бойынша 1000 студент сертификат алды. Корпорацияның жергілікті және халықаралық жарыстарына 6000-нан астам студент қатысты. Сондай-ақ, Huaweiмен бірлесіп жасанды интеллект бойынша 3 курс ұйымдастырылды, оның ішінде академияның студенттеріне арналған 2 кәсіби курс және барлық тілек білдірушілерге арналған жалпы курс.

01 EDUSYSTEM

Былтыр желтоқсанда Yessenov University-де 01 EduSystem негізін қалаушы Николя Садирактың қатысуымен инновациялық бағдарламалау мектебі ашылды.

LENOVO

Былтыр желтоқсан айында Satbayev University-де жобаның алғашқы мектебі – Lenovo College ашылды. Болашақта өңірлік жоғары оқу орындарында да ашу жоспарда бар.

TECHORDA (ASTANA HUB)

Ғылым және жоғары білім министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп Generative AI бағыты бойынша ЖОО оқытушыларына арналған толыққанды курсты іске қосты. Әр бағыт 6 блоктан тұрады. Әр блоктан кейін оқытушылар LMS арқылы тестілеуден өтеді және прогресті бақылай алады. Аталған бағдарламаға 47 ЖОО-дан 700 оқытушы қатысады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай ұлттық бірыңғай тестілеуде жасанды интеллект қолданылады. 

Соңғы жаңалықтар