Қазақстан жоғары деңгейдегі жарысты өткізуге қабілетті континенттік елдер қатарына қосылды - Нұрсұлтан Назарбаев

АНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда VII Қысқы Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
None
None

Азиаданың жабылу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтті.

Президент өз сөзіндеVII Қысқы Азия ойындары халықаралық өмірдегі ірі оқиға болғанын атап өтті. Астана мен Алматының спорттық алаңдарында 27 мемлекеттің ең үздік атлеттерінің арасында таза бәсеке өтті. Алғаш рет 69 комплекті медальдар сарапқа салынды. Бұл қысқы Азиада үшін рекорд. Қазақстан осындай жоғары деңгейдегі жарысты өткізуге қабілетті континенттік елдер қатарына қосылды.

- Мен біздің спортшылар командалық есепте тамаша нәтижелер көрсеткеніне қуаныштымын. Азиада күштің, әдемілік пен мәрттіктің нағыз салтанатына айналды. Біз спортты бейбітшілік пен достықтың мерекесіне айналдырдық! Осы күндері әр елден келген мыңдаған адам бір-бірімен жүздесті, әңгімелесті, бірін-бірі таныды. Көпшілігі Қазақстаннан жаңа достар тапты. Біздің бәріміз, әр халықтың өкілдері, рухани бай және жомарт бола түстік. Біз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Осыны Азиаданың басты жетістігі деп санауға болатынына сенімдімін! - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Азия ойындарының ашылу рәсімі Астанада - елордада өтті. Қазақстан қонақтары әлемдегі ең биік таулы мұз айдыны - Алматыдағы «Медеуде» болды. Азия ойындарында алғаш рет олимпиадалық эстафета алауын Қазақстанның 20 қаласынан алып өтті. Азия Олимпиадалық кеңесі эстафетаны тұрақты өткізу туралы шешім қабылдады. Биылғы Азиаданың жарқын символы - қазақстандық барыс - барлығымыз үшін ыстық әрі жақын бола түсті.

- Қазір біз жетінші қысқы Азия ойындарымен ризашылықпен қош айтысамыз. Ойындар бізге керемет те ұмытылмас әсерлер сыйлады. Бұл Азиада кереметке толы болды. Баршаңызды жетінші қысқы Азия ойындарының аяқталуымен құттықтаймын, менің сіздерге: «Көріскенше!» дегім келеді! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы VII Қысқы Азия ойындарын жабық деп жариялады.

Азиаданың қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы командалық есепте 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль иеленіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынға - 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальдармен Жапония, ал үшінші орынға 13 алтын, 12 күміс, 13 қола медаль алған Оңтүстік Корея ие болды. Төртінші орынды 11 алтын, 10 күміс, 14 қола алған Қытай иеленді.

Соңғы жаңалықтар