Қазақстан жолдарына АҚШ-та жасалған суперасфальт төселеді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда жол құрылысы саласында Superpave технологиясы енгізіле бастады. Бұл тәсіл еліміздің климаттық жағдайына сай келе ме, оның арқасында жол жабындысының сапасы қаншалықты артады? Салада қандай өзгерістер болады және мамандар жаңа стандартқа дайын ба? Kazinform агенттігі осы тақырыпты талдап көрді.

асфальт
Фото: Александр Павский/Kazinform

Жол саласында маман тапшы

Superpave технологиясы АҚШ-та ойлап табылған және бүгінде 130-дан астам елде қолданылады. Мамандар бұл технология Қазақстандағы жол құрылысы саласына зор серпіліс әкеледі деп отыр. Асфальтбетон қоспасы қатал климаттық жағдайлар мен ауыр көлік жүктемесіне төтеп бере алады.

2023 жылы ҚР Көлік министрлігі нормативтік-техникалық базаны реформалауды бастап, Superpave-ті жол инфрақұрылымын жаңғыртудың негізгі элементі етіп бекітті.

Қазақстанның 20 жыл бұрын Superpave технологиясын ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып енгізу мүмкіндігі болды. Алайда ол жоспар тек қағаз жүзінде қалып қойған. Енді отандық мамандар бұл идеяны қайта жаңғыртып, жол салу сапасын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылып жатыр. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, бұл істе алдын ала уәде беруге асықпау керек.

жол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қазақстан жолдарының басты мәселесі тек ескі технологияда емес. Салада білікті мамандар да жетіспейді. Жұмыс көлемінің өсіп келе жатқанына және еңбек нарығындағы мол сұранысқа қарамастан, кадрлардың саны аз, сапасы көңіл көншітпейді. Бұның себебі көп.

Біріншіден, мамандықтың «беделі» төмен. Екіншіден, жол тек қалалы, елдімекенді жерде ғана емес, иен далада да салынады. Әсіресе жастар үйден шалғай, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмаған жерде жұмыс істеуге құлықсыз. Осы секілді бірнеше фактор бұл салаға жаңа кадрлар легін тартуға кедергі келтіріп отыр.

Жол салу саласындағы еңбек нарығының дәл қазіргі таңдағы ахуалы осындай болғанымен, ертеңінен үміт үзуге әлі ерте көрінеді.

— Қазіргі уақытта көлік саласында шамамен 34 мың студент білім алып жатыр. Бұл — алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Осыдан-ақ жастардың инфрақұрылым мен логистикаға қатысты мамандықтарға қызығушылығы артқанын көруге болады, — деп мәлімдеді Көлік министрлігі.

Сондай-ақ жауапты ведомство маман даярлау сапасын арттыру үшін атқарылуы тиіс 5 негізгі амалды айқындады. Олар:

  • «Автомобиль жолдарын салу» бағыты бойынша жеке білім беру бағдарламасын ашу;
  • Автожол мамандықтарына арналған шәкіртақы көлемін арттыру;
  • Жол құрылысы саласындағы ғылыми қызметкерлер санын көбейту;
  • Автожол мамандарының біліктілігін міндетті түрде арттыруды заңмен бекіту;
  • Мамандықтың беделін көтеру.

Superpave-ті енгізу шарттары: жаңа стандарт, заманауи зертхана, сапалы битум

Superpave жүйесін енгізуге арналған 10 негізгі стандартты әзірлеу 2023 жылы басталды. «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ үш негізгі стандартты, соның ішінде қоспаларды жобалау ережелері мен PG (Performance Grade) битум маркаларының классификациясын әзірледі. Олар 2025 жылдың соңына дейін бекітіледі, бұл - Superpave жүйесін енгізудегі маңызды қадам болмақ.

— Бұл стандарттар — жай құжат емес, жол құрылысына жүйелі көзқарастың негізі, — дейді институт мамандары.

Алайда қалған стандарттарды әзірлеу үшін қомақты қаржы қажет. Қаржыландыру мен үйлестіру болмаған жағдайда бұл процесс созылып кетуі мүмкін.

Суперасфальт для казахстанских дорог создают ученые в Астане
Фото: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Жаңа стандарттарға сәйкестікті аккредиттелген зертханалар, соның ішінде «Қазжол ҒЗИ» АҚ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қамтамасыз етеді.

— Сапаны бақылау — Superpave-тің басты қағидасы. Заманауи зертханаларсыз бұл технология өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды, — дейді сарапшылар.

Алайда ондай зертханалар аз. Технологияны бүкіл ел ауқымында енгізу үшін зертханалар желісін кеңейтіп, арнайы қызметкерлер даярлау қажет. Әйтпесе аймақтарда материалды тестілеу жұмысы ақсап қалуы мүмкін, оның ақыры бұл технологияға сенімнің төмендеуіне әкеліп соғады.

Суперасфальт жасау үшін материалдарды, әсіресе ерекше битумды іріктеп алу керек. Қазақстан 8 климаттық аймаққа бөлінген, соған сай температура айырмашылықтарын да ескеру маңызды.

— Бұрынғы технология бойынша үш битум маркасымен ғана жұмыс жүргізілетін. Біз ол тәжірибеден бас тартып отырмыз. Енді әр жол өзінің ерекше жағдайына қарай жобаланады, — дейді институт мамандары.

Асфальтбетон зауыттарын тексеру барысында барлық кәсіпорындардың шетелдік жабдықты пайдаланатыны анықталды, бірақ кейбір зауыттар ескіріп кеткен.

— Superpave өз сапасын сақтауы үшін заманауи технологияны қолдану керек. Ескі зауыттар қажетті сапаны қамтамасыз ете алмайды. Бұл технология - жай ғана жаңа марка емес, салынатын әр жолға жеке жасалатын инженерлік есеп, солай ғана тиісті сапаға қол жеткізіледі, — деп түсіндіреді «Қазжол ҒЗИ» мамандары.

жол салу
Фото: Александр Павский/Kazinform

3 жылда 14 мың шақырым жол жаңарады

Ел экономикасы дамып, халық саны өскен сайын сапалы әрі қауіпсіз жолдың қажеттілігі де артып келеді. Осыған орай, республикалық және жергілікті жолдардың сапасын жақсартуға да, оны күтіп ұстау жұмысын жетілдіруге де, саланы қаржыландыруға да жаңа көзқарас, тың реформа керек.

— 2030 жылға қарай республикалық автожолдардың 100%-ын, ал жергілікті жолдардың 95%-ын нормативтік талапқа сай ету жоспарланып отыр. Бұл — Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен Көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасындағы маңызды міндет, — деп мәлімдейді министрлік.

Бұл үшін жолдарды визуалды бағалаудан аспаптық диагностикаға көшу, жаңа техникалық стандарттарды бекіту және инфрақұрылым қаржыландыруының минималды нормаларын әзірлеу қарастырылған.

— 2029 жылға дейін өңірлерде 14 мың шақырым жолды жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Ол жолдың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып қана қоймай, аймақтың дамуына серпін береді, инвестициялық тартымдылықты арттырады, — деді ведомство өкілдері.

жол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Өзге елдердің қателігі қайталанбауы тиіс

Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай және Германия мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Ол жаңа технологияны өзіміздің климаттық жағдайға және табиғи ерекшеліктерге сай бейімдеуге мүмкіндік береді.

— Біз Superpave-ті ойлап тапқан елдермен тікелей байланыстамыз. Бұл оны елімізде қолдануда қателікке жол бермеуге көмектеседі. Башқұртстан тәжірибесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Онда бұл технология тамаша нәтиже берді, — дейді «Қазжол ҒЗИ» мамандары.

Мәселен, Башқұртстанда осы технология арқылы мынандай нәтижелерге қол жеткізілген:

  • Жол жабындысын пайдалану мерзімі 25%-ға ұзарған;
  • Жолды күтіп ұстауға кететін шығын 30%-ға азайған;
  • Жолдың ойылуы 40%-ға қысқарған.

Алайда Қазақстанның климаттық ерекшеліктері ол елге қарағанда әлдеқайда алуан түрлі. Сондықтан біздің ел басқа елдердің қателіктерін (мамандарды жеткілікті даярламау немесе климаттық ерекшеліктерді елемеу сияқты) қайталамауға тырысады.

— Біз АҚШ-тан Ресейге дейінгі барлық тәжірибені зерттедік. Пилоттық жобалар және мамандарды оқыту арқылы барлық ықтимал сәтсіздіктер мен қатерлердің алдын аламыз, — деп сендіреді ведомство өкілдері.

Бұл жүйені енгізу үшін жасалған Жол картасы аясында жабдықтар бойынша кеңестер беріліп, жаппай оқыту жүргізіледі. Бұл жаңа технологияға көшуге күмәнмен қарайтын мердігерлердің қарсылығын азайтуға көмектеседі.

Осы тұрғыда «Қазжол ҒЗИ» мамандары туындауы мүмкін төрт негізгі кедергіні атап өтті:

  1. Асфальтбетон зауыты мен зертханаларды жаңғыртуды қаржыландыру мәселесі
  2. 2028 жылға дейін PG-битумдарды импорттау мәселесі
  3. Жүздеген маманды оқыту мәселесі
  4. Мердігерлер тарапынан қарсылық.

Кәсіби қауымдастық реформаға қатысты белгілі бір ескертулерін айтқанымен, жалпы қолдау білдіріп отыр. Стандарттар жайында министрліктер, әкімдіктер және «Атамекен» ҰКП өзара келіскен. Алайда инженерлер мен мердігерлердің бір бөлігі өзгерістерге қарсы.

— Көпшілігі ескі әдістерге үйреніп қалған. Олар жұмысты не үшін күрделендіру қажет екенін түсінбейді, — дейді институт өкілдері.

жол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сапаны төмендететін фактор: Жол саласында жемқорлық қалай жойылады?

Қазақстан жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлық мәселесі де өзекті. Мысалы, үш жыл бұрын Ойыл ауданында канадалық технологиямен жол салу жобасы қолға алынған. Оған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сол кездегі басшысы Мәлімбет Ибрашев жауапты болған. Зертханалық сынақтар қоспа тиісті деңгейде қатаймай, суда еритінін көрсетсе де, құрылыс жұмысы басталып кеткен. Жергілікті тұрғындар бұл жолдың салынуын көптен күткен болатын, алайда көп ұзамай жаңа жол бүліне бастаған. Шенеуніктердің айтуынша, технология жергілікті климатқа сай бейімделмеген. Бүгінде бұл жолдың сау тамтығы қалмаған деуге болады.

Бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінетініне қарамастан, жол сапасына қатысты халықтың шағымы азаймай отыр. Бұл техникалық тұрғыдан ғана емес, басқару жағынан да реформалардың қажеттігін көрсетеді. Қазіргі таңда мемлекет жол құрылысын жобалаудан бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезеңдерде ашықтық пен есептілікті арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.

— Қазір басты міндет — жол құрылысындағы адами фактор мен жабық процестерді жою. Цифрлық платформаларды енгізу және бақылаушы органдардың жауапкершілігін күшейту сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, жол сапасын арттырады, — дейді Көлік министрлігінен.

«Қарағанды-Жезқазған» және «Сарыағаш айналма жолы» сияқты ірі жобаларды іске асыру кезеңінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекет EPC (толық циклмен жүзеге асыру) қағидатын енгізді. Бұл - мердігер ұйымдар жобалау мен рұқсат құжаттарын алудан бастап, құрылысты және жеті жылдық пайдалану кезеңін толық өз мойнына алады деген сөз. Мұндай тәсіл үшінші тараптардың ықпалын шектеп, қаражатты мақсатсыз пайдалану ықтималдығын төмендетеді.

— Сонымен қатар саланың цифрлық трансформациясы жүріп жатыр. Мәселен, құрылып жатқан «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы автомобиль жолдарын салу мен күтіп ұстаудың барлық кезеңдеріндегі есепті орталықтандырылған түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Платформада құжаттар, орындалған жұмыстардың актілері, тексеру нәтижелері мен қосымша келісімдер рәсімделеді, — деп атап өтті министрлік.

Сондай-ақ «KazRoadLab» жүйесі енгізілді, бұл - жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылауға арналған цифрлық құрал. Ведомство мәліметінше, мобильді қосымшаның көмегімен зертханалар мен инженерлер сынақ нәтижесін жедел тіркеп, дәлелдеу базасын жинауды жеңілдетіп, жалған ақпарат енгізу мүмкіндігін азайтады.

— KazRoadLab пен E-Joldar платформасын енгізу — жай ғана ыңғайлылық үшін цифрландыру емес. Бұл — жобаларға қатысушылар арасындағы жасырын келісімдер мен олқылықтарды жоюға бағытталған антикоррупциялық жоба, — деп атап өтті министрлік.

Қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатқан екі заң жобасы жол саласын реформалауға бағытталған: бірі техникалық және авторлық қадағалауды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға бағынатын субъектілерге теңестіру арқылы антикоррупциялық бақылауды күшейтеді, ал екіншісі карьерлер мен жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әр екі жыл сайын саланың сыртқы аудитін жүргізеді, оның негізінде анықталған тәуекелдерді жою жоспары жасалып, іске асырылады, — деп түйіндеді ведомство.

Атқарылып жатқан іс-шаралар жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлықпен күрес жекелеген шешім қабылдаудан жүйелі тәсілге көше бастағанын көрсетеді. EPC механизмдері, цифрлық бақылау құралдары мен заңнамалық өзгерістер біріге келе сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады және ашықтықты арттыруға бағытталған. Алайда бұл бастамалардың тиімділігі олардың сапалы іске асырылуына тікелей байланысты болады.

Айта кетейік, елімізде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді

Соңғы жаңалықтар