Қазақстан жүйелі һәм сындарлы саясат арқылы ШЫҰ шеңберінде үлкен беделге ие - Е. Қазыханов

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Жалпы алғанда Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушы мемлекет болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің, Ресей мен Қытай елдерінің басшыларымен бірлесе отырып, осыдан он жыл бұрын аталған ұйымды құрған болатын.
None
None

Ұйым өзінің өміршеңдігін танытып қана қоймай, бүгінгі күні кеңістікте тиімді жұмыс атқарып келеді. Осы және өзге де мәселелер жөнінде бүгін Бейжіңде ШЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қазақстандық БАҚ өкілдеріне ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов әңгімелеп берген еді.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы ШЫҰ СІМК отырысын қорытындылай келе, оның маңыздылығын атап өтті. «Бұл шара ШЫҰ саммитінен бір ай бұрын өткізіліп отыр. Аталған саммит Бейжіңде 6-7 маусымға белгіленген болатын. Отырыстың барысында мемлекет басшыларының қарауына шығарылатын Саммит декларациясы секілді маңызды құжаттар келісілді, басқа да тиісті мәселелер қаралды», - дейді Е. Қазыханов.

Тоқтала кететін жайт, биыл ШЫҰ-ға Қытай елі төрағалық етуде. Сондықтан да, Қытай бастамасы бойынша ағымдағы жыл «тату көршілік пен достық» жылы болып белгіленген болатын. Осындай ұранмен көптеген халықаралық іс-шаралар жүзеге асты. Ал Бейжіңде өтетін ШЫҰ Саммиті сондай шаралардың шарықтау шыңы болмақ.

Бұдан бөлек, министр бүгінгі күні Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен екіжақты форматта кездесу өткізгеніне де тоқталды. «Бұл жоспарлы жұмыс кездесуі болды, онда біз ШЫҰ саммиті қарсаңында болатын ҚР Президентінің Қытайға ресми сапарының бірқатар мәселелерін талқыладық», - деді министр.

Оның айтуынша, жүздесу барысында бірқатар құжаттарды әзірлеу барысы талқыланған, бірлескен мәлімдеме қабылдануы да жоспарланатыны белгілі болды.

«Жалпы біздің Қытаймен арамызда аса көп экономикалық жобалар жүзеге асып жатыр.  Сонымен қатар, екі елдің арасындағы тауар айналымы 25 млрд. долларға жеткенін де мақтанышпен айтуға болады. Әрине, бұл шекке жеткенін білдірмейді, сондықтан да біз жақын аралықта бұл көрсеткішті еселеп арттыруға күш саламыз», - деді  Е.Қазыханов.

«Біздің ШЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы аясында көтерген бастамаларымыздың барлығы дерлік бүгінгі күні өзінің жалғасын тауып отыр. Біз ШЫҰ экономикалық құрамдастығын арттыруды қолдаймыз, қауіпсіздік, терроризммен күрес, есірткінің заңсыз айналымы, трансшекаралық қылмыс мәселелері бойынша өзара әрекеттестікті нығайту қажет деп білеміз», - деді Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

«Тоқтала кететін маңызды жайт, бүгінгі күні Ауғанстанды ШЫҰ байқаушы-мемлекет ретінде қабылдау және Түркияға диалог бойынша  әріптестік мәртебесін беру туралы шешім қабылданды, бұл мемлекет басшыларымен мақұлданатын болады. Біз осынау беделі күн сайын артып отырған ұйыммен жақынырақ ынтымақтасқысы келетін мемлекеттердің өтінішіне мұқият қарайтын уақыт жеткені туралы өз пікірімізді білдірдік», -  дейді  министр.

«Түркия ірі Еуразиялық мемлекет, оның экономикасы жақсы нәтижелі көрсеткіштерге ие. Ол «G20» қатарына кіретін ел, сондықтан Түркияның қатысуы мен саяси салмағы ШЫҰ беделін арттыра түседі деп ойлаймын», - деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.

«Біз Ауғанстанның тағдырына немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан да, осы елдің экономикасын оңалту және тұрақтандыру бойынша екіжақты және көпформатты тараппен жұмыстар атқарудамыз.  Ауғанстан өтініші бойынша осы елдің мәртебесі байқаушы мемлекет деңгейіне көтерілді. Сондықтан да, Ауғанстан ШЫҰ жұмысына белсендірек қатыса алады. ШЫҰ Саммитіне президент Х. Карзайдың қатысатыны да күтіледі. Сонымен қатар, басқа да байқаушы-мемлекет мәртебесіндегі елдердің президенттері де қатысатыны жоспарланған»,  - деді Е.Қазыханов.

«Жалпы алғанда Қазақстан өзінің жүйелі һәм сындарлы саясатының арқасында ШЫҰ шеңберінде үлкен беделге ие. Халықаралық аренада да осындай. Ал азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты проблема бұдан бұрын да Қазақстан тарапынан көтеріліп келді. Біз ірі аграрлық мемлекет болып саналамыз. Осыған орай, былтыр Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы алаңында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныстар айтқан болатын», - деді Қазақстандық бастамаларға тоқталған министр.

«Біз ШЫҰ шеңберінде «су-азық-түлік» бастамасын алға жылжытуды көздейміз. Өйткені, біздің өңірдегі мемлекеттердің барлығы, әсіресе Орталық Азия өңірі сөзсіз су жетіспеушілігі және азық-түлік тапшылығына байланысты мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе бұл азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты болып табылады. Бұның өзі белгілі бір деңгейде Орталық Азия жұртшылығына әсер етуде. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша перспективадағы қауіпсіздік үшін қадам жасау әрқашан пайдалы. Сол үшін ШЫҰ тетігі шеңберінде біздің мемлекеттерімізді азық-түлік пен су ресурстарының тапшылығынан болатын ықтимал проблемалардан сақтандыра алатын қадамдар қарастыруға шақырамыз. Біздің бұндай бастамамыз айтарлықтай ауқымды. Өйткені, өздеріңізге белгілі Қазақстан өзен ағысының төменгі тұсында орналасқан мемлекет және біздің елімізге су көздерінің басым бөлігі шет елдерден асып келеді. Сондықтан да, біз су ресурстарына ұқыптылықпен қарауымыз керек», - деді ҚР СІМ басшысы.

«Жалпы қазақстандық бастамаға ешбір мемлекет қарсы шыққан емес. Керісінше, біздің көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде Иран мен Ауғанстан проблемалары бойынша  ұстанымымыз ортақ, үндес болып шықты», - деді ол.

Сонымен қатар министр, әңгіме барысында ШЫҰ болжамдық орталығына тоқтала отырып, бұның өзі уақыт ағымынан туындаған мәселе екендігін жеткізді. «Біз перспективаны бағамдап, болашақта не болатынын білуіміз керек. Сондықтан да, ШЫҰ сараптамалық-болжаулар орталығын құру туралы бастама сарапшылар деңгейінде белсенді талқылауға ұшырап отыр. Менің ойымша, біз осы бағытты жүзеге асырамыз. Өйткені, біздің әрқайсымыз өңірде алдағы 10 жылда не болатынына жайбарақаттықпен қарай алмаймыз, сондықтан да осыған мүдделіміз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар