Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы жүргізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылдың бірінші қыркүйегінен бастап қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы басталады. Осы ретте Алматы қаласы бойынша салық комитеті мүліктерін заңдастырушы тұлғаларды тиісті құжаттарды дайындауға шақырады.
None
None

Алдағы акциядан ел қазынасына 10 миллиардтан астам доллар түсуі мүмкін.

Үстіміздегі жылы 13 мамырда журналистерге берген сұхбатында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Бұған дейінгі жария ету науқаны барысында 7 миллиардқа жуық доллар алған едік. Бұл науқанда одан да көбірек түседі деген үміттеміз. Бюджетке шамамен 10-12 миллиард доллар түсуі мүмкін», -деген болатын.

Аталмыш акция Қазақстан Республикасының «Мүлікті жария етуге байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға рақымшылық жасау туралы» 2014 жылдың 30 маусымында шыққан № 213-V Заңына негізделді.

Бұл Заң алдағы 1 қыркүйекте күшіне енеді.

Осы Заңның 1 бабына сәйкес, мүлікті жария ету - бұл табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі болып табылады.

Сонымен, мүлікті жария етудің негізгі қағидалары төмендегідей:

Біріншіден, заңдастыру акциясы көлеңкелі экономиканың көлемін азайту және ел экономикасына қосымша қаржы мен мүліктерді тарту мақсатында жасалып отыр.

Екіншіден, заңдастырылған ақша мен мүлік табыс болып саналмайды, сәйкесінше оларға табыс салығы салынбайды.

Үшіншіден, ақша мен мүліктерін жария етушілер бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады. Бұл жерде заңдастыруға қатысты белгілі бір шектеулер мен талаптар аталған Заңда толық қарастырылған.

Жария етуге мына мүліктер жатады:

1) Ақша;

2) Бағалы қағаздар;

3) Заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

4) Басқа адамның атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған деген құқық немесе басқа да мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік;

5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әрі құрылыс нормалары мен ережелеріне толық жауап беретін үйлер (ғимараттар, құрылымдар). Мұнда, аталған нысандар жария етушінің меншігінде болып, тиесілі жер телімінің нысаналы мақсатына сәйкес келуі тиіс.

6) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлікті жария ету.

Мүлікті жария ету шарасы 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл жерде мүліктерді (ақшадан басқа) жария етуге ұсыну үшін қажетті құжаттарды тапсыру - 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 2015 жылдың 30 қарашасына дейін жүргізіледі.

Жария етуші азаматтар мүліктерін (ақшадан басқа) жария ету үшін жергілікті әкімдіктер жанындағы комиссияларға, сонымен қатар салық органына арыз бен тиісті құжаттар тапсырады. Бұл жерде, құжаттардың тізімі мен жария ету тәртібі Заңда және аталмыш шараны өткізу бойынша қабылданған Ережелер мен Нұсқаулықта нақты көрсетілген.

Жария етілген ақшалар жариялаушы тұлғаның екінші дәрежелі банктерде ашқан арнайы жинақ шоттарына салынады.

Бұдан әрі мүліктерін заңдастырушы тұлға белгілі бір жария ету құралын таңдауы тиіс:

Біріншіден, ақшаны жоғарыда аталған шоттарда 5 жыл мерзімінде ұстауға болады. Бұл жерде ол нарық бағамы бойынша мөлшерлеме алып отыруға құқылы;

Екіншіден, жария етуші тұлға ақшасын мерзімінен бұрын қолданғысы келсе, онда шоттағы ақшаларын мемлекеттік құнды қағаздарды, сонымен қатар екінші дәрежелі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын, сондай-ақ «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында таратылатын акцияларды және қала берді Қазақстан қор биржасында жайғастырылған басқа да құнды қағаздарды сатып алуға жұмсай алады.

Үшіншіден, жария етушілердің жекешелендірудің екінші легі аясында әр түрлі нысандар сатып алуларына болады.

Егер ақшасын жария етуші азамат, жоғарыда келтірілген механимзмдерді пайдаланғысы келмесе, онда өз ақшасын өз еркінше жұмсауға құқылы. Бұл жағдайда, ақшасын қолына аларда, банктер жария етілген соманың 10 пайызын алым ретінде мемлекет пайдасына ұстап қалады.

Мүліктерді заңдастырумен (ақшадан басқа) әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялар айналысады. Жария етуші тұлғалар оларға арыз және тиісті құжаттар тапсырады. Бұл жерде, үйлер, ғимараттар мен құрылымдар туралы арыздар комиссияға осы нысандардың орналасқан мекен-жайы бойынша ұсынылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан мүліктерді заңдастырумен өңірлік салық органдары айналысады. Жария етуші оларға өзінің мекен жайы бойынша жүгінеді.

Бұл жерде, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан мүліктерді заңдастырыу үшін 10 пайыздық алым төленеді. Жария етуші оны өзінің жария етілген активі немесе мүлігінің бағаланған бағасына қарай тұрғылықты мекен-жайы бойынша салық органына төлейді.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан мүліктерін жария етуші тұлға өзінің тұрғылықты мекен жайы бойынша салық органына мынадай құжаттарды тапсырады:

1) Заңның 1 тармағына сәйкес екі экземплярдан тұратын арыз;

2) Жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі;

3) Жария етуші тұлға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан мүліктеріне және шет мемлекеттерде тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесіне қатысты меншік иесі екендігін білдіретін құжаттар тапсырады;

4) Шет мемлекеттерде тіркелген эмитенттер шығарған құнды қағаздар бойынша, осы құнды қағаздарға қатысты құқық тіркеу жүйесінің дербес шотының көшірмесі керек немесе сол эмитент тіркелген шет мемлекеттің осы құнды қағадардың меншік иесі екендігін растайтын басқа да құжаттары тапсырылады;

5) Мүліктің сатып алғандағы бағасын немесе бағаланған құнын растайтын құжат;

Бұл жерде егер мүліктің құны шет ел валютасымен есептелетін болса, онда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгіленген ресми валюта бағамы бойынша Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгеге аударылады. Бұл жерде арыз берілген күн есептеледі.

6) алым-салықтың төленгенін растайтын құжат;

Қосымша мәліметтер бойынша жергілікті салық органдарына жүгінуге болады.

Соңғы жаңалықтар