Қазақстанда 10 колледж кәсіпорындардың басқаруына берілді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Қазақстанда кадрлық мәселе өте өзекті. Жұмысшыларды дайындау сапасы әлі де кәсіпорын иелерінің сұранысына жауап бере алмайды.
«Кәсіпкерлер жаңа жабдықтар, жаңа кәсіпорындар, жаңа зауыттар салады, бірақ жергілікті еңбек нарығында оларды игеретін жұмысшыларды таппай әлекке түседі. Жаңа жобаларға шетелден мамандарды тартуға мәжбүрміз. Білім беру жүйесі, әсіресе техникалық және кәсіби білім беру саласы өндіріске қажетті мамандарды даярлауда қалыс қалып келеді», - деді ол.
ҰКП мен Трир қаласының Қолөнер палатасы арасында 2017 жылға дейін кәсіби білім беру саласында серіктестік жоба бары белгілі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР білім және ғылым министрлігімен де қарым-қатынас орнатқан. Осы «үштік одақтың» арқасында Қазақстанның бірқатар аймақтарында дуальді оқыту жүйесі енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетуде.
«Көптеген облыстардан ҰКП-на мамандарды даярлау бойынша өтініштер келуде. Былтыр біз 12 мың маман даярлау бойынша өтініш алдық және ол өтініштерді колледждерге орналастырдық. Оған қоса, кәсіпорындар колледждерді басқаруды өз қолдарына алады және оқу орнынының басшылығымен бірге оқу бағдарламасын да өзгертеді. Бүгінде 10 колледж кәсіпорындардың қанатының астына алынған. Өте жақсы тәжірибе Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жинақталған. Онда бірнеше кәсіпорын бірігіп, бір колледжді басқаруға алды. Білім бағдарламалары өзгертіліп, студенттердің тәжірибе алуға жолдары ашылды», - деп атап өтті Н. Әлтаев.