Қазақстанда 150 балаға арналған тәулік бойы реабилитация маусымы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда кохлеарлық имплантациядан кейін балаларға арналған тәулік бойы есту-сөйлеу реабилитациясының көшпелі маусымы басталды.

ы
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаздың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінен 150-ден астам бала интенсивті реабилитациядан өтеді. Бағдарлама Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

– Тәулік бойы бақылауды қамтитын бұл формат әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін тиімді. Реабилитация есту қабілетін дамытуға, ауызша сөйлеуді қалыптастыруға және балаларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған. Бағдарлама сәуір мен тамыз аралығында бес кезең бойынша өтеді, әр кезең 15 күнге созылады. Сонымен қатар ата-аналарға арналған оқыту жұмыстары қатар жүргізіледі, – делінген министрлік хабарламасында.

Алғашқы көшпелі маусым Алматы қаласындағы «Алтын-Қарғалы» шипажайында өтті. Оған 12 өңірден келген 28 бала қатысты. Балаларға сурдопедагогтар, логопедтер және психологтар кешенді көмек көрсетті.

– Біз Қостанайдан келдік. Ұлым бұрын дыбыстарға мән бермейтін, ал қазір дауысты ажырата бастады. Нәтижесі өте жақсы, мамандарға алғысымыз шексіз, – деді ата-аналардың бірі.

Бағдарлама аясында «Ата-аналар мектебіне» ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда мамандар үй жағдайында реабилитация жүргізудің тиімді әдістерін үйретеді.

Министрлік мәліметінше, реабилитациялық курстарға жолдама өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары арқылы беріледі. Бағдарлама кохлеарлық имплантация жасалғаннан кейінгі бес жыл ішінде балалар үшін қолжетімді.

Айта кетейік, елімізде жыл бойы үздіксіз қолдау көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми орталықтың филиалдарында күндізгі форматта да есту-сөйлеу реабилитациясы жүргізіледі.

Бұған дейін Үкімет отырысында елімізде логопед, сурдолог, реабилитолог мамандары тапшы екені көтерілді.