Қазақстанда 18 қарашада қай жолдар жабық тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі автожолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет ұсынды.
«ҚазАвтоЖол» деректері бойынша, 2025 жылғы 17 қарашада сағат 18:00–де Ақмола облысында ауа райының нашарлауына, атап айтқанда қалың тұманға байланысты республикалық маңызы бар «КАZ02 Астана — Көкшетау (Объезд арқылы) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол бекеті)» автожолының 19-231-шақырымында (Астана қаласы — Щучинск қаласы бағыты) барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 140 шақ/сағаттан 110 шақ/сағатқа дейін төмендетілді.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы жолда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуіне байланысты барлық көліктің қозғалысы шектелді. Бұған дейін толассыз жауын-шашын және ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан KZ15-08 «Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) жол ойылып кеткен.
Сонымен қатар 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, қыс маусымы аяқталғанға дейін күшінде болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазгидромет компаниясы алдағы қыс мезгіліне арналған ауа райының консультативтік болжамын ұсынған еді.
Алдын ала болжам бойынша республиканың басым бөлігінде қыс мезгілі қоңыржай жылы болады, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында күтіледі. Алайда кейбір кезеңде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстары, тұман, мол жауын-шашынның түсуі болжанып отыр.