Қазақстанда 182 апатты жағдайдағы және 112 үш ауысымдағы мектеп бар - ҚР БҒМ
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда 182 апатты және 112 үш ауысымдағы мектептер бар. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жобалық қуаты 43 мың 751 оқушы орнын құрайтын 124 жалпы орта білім беру мектептері іске қосылды. Оның 80-і жергілікті бюджет есебінен, 44-і республикалық бюджет есебінен атқарылған. «58 мектеп апатты жағдайлардағы мектептерді алмастырса, 20-сы үш ауысымдылықты жоюға бағытталды. Сонымен бірге, 40 мектеп мектептердегі орын тапшылығына орай салынған болса, 6-ы халық санының өсімінің артуына қатысты іске қосылды», - дейді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанда апатты жағдайдағы мектептер саны 182 болса, соның басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау және Алматы облыстарына тиесілі. Ал Маңғыстау, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласындағы мектептердің бірқатары үш ауысымда істеп тұр. Бұлардың саны 112-ні құрайды.