Қазақстанда 200 мыңнан астам шетелдік балаға МӘМС жүйесінде тіркеу мәртебесі берілген
АСТАНА. KAZINFORM — Шетел азаматтарының 200 мыңнан астам баласына МӘМС жүйесі аясында автоматты түрде сақтандырылған деген мәртебе берілді. Оларға 2020–2025 жылдар аралығында медициналық көмек көрсету шығындары 3,6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Құрылтайдағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде МӘМС жүйесін дамыту бойынша тақырыптық отырыста мәлім болды.
— 2020–2025 жылдар аралығындағы деректерді талдау нәтижесінде, шетел азаматтарының 200 мыңнан астам баласына қатысты тұрақты тұру дерегі тексерілместен, автоматты түрде сақтандыру мәртебесі берілгені анықталды. Оларға медициналық көмек көрсету шығындары 3,6 млрд теңгені құрады, — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ басқармасының төрағасы Гүлмира Сәбденбек.
Оның айтуынша, 75 мың шетел азаматы бюджеттік жеңілдікпен көмек алған, ал оларға жұмсалған қаражат 4,3 млрд теңге болды. Соның арасында 27 мың адам диспансерлік есепте тұрса, тағы 902 пациент наркология және психоневрология салалары бойынша ем алу үшін тіркелген. Бұған қатысты барлық шығындар толығымен Қазақстан тарапынан өтелген.
— Бұл жағдайлардың барлығы құқықтық тұрғыдан тексерілуі тиіс. Айта кетейік, қазіргі уақытта жеңілдіктер алуға құқылы адамдар санаттары олардың нақты қажеттіліктері, қаржылық мүмкіндіктері немесе медициналық тәуекелдері тиісінше бағаланбастан айқындалады. Біздіңше, жеңілдік алатын осы санаттар үшін халықаралық стандарттарға негізделген бірыңғай өлшемшарттар белгіленуі қажет, — деп атап өтті Қор басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министі Тимур Сұлтанғазиев елдегі перзентханалар кредиторлық қарызды толық өтегенін айтты.