Медицинадағы тарифтер қайта қаралып жатыр — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі перзентханалар кредиторлық қарызды толық өтеді. Бұл туралы Құрылтайдағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде МӘМС жүйесін дамыту бойынша тақырыптық отырыста ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министі Тимур Сұлтанғазиев мәлім етті.
— Тариф мөлшерлемелері медициналық көмек көрсетудің нақты шығындарын жаппағандықтан, медициналық ұйымдар қызметтердің кейбір түрлерін қысқарта бастады. Сол себепті тарифтерді мақсатты түрде қайта қарап жатырмыз. 2024–2026 жылдар аралығында 904 тариф позициясы қайта қарастырылды, оның ішінде 20 профиль бойынша 301 клиникалық шығындық топ, сондай-ақ 295 консультациялық және диагностикалық қызмет түрі бар, — деді Т. Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, 2024 жылы ана мен балаға медициналық көмек көрсету қызметтері үшін тарифті арттыруға 37,6 млрд теңге бөлінді. Жаңа туған нәрестелерге күтім жасауға тариф мөлшерлемесі 36%-ға ұлғайтылды. Нәтижесінде, балалар ауруханалары мен перзентханалар кредиторлық қарызды толық өтеді.
— 2025–2026 жылдары стационарлық көмек көрсетудің тоғыз бағыты бойынша тарифтер қайта қаралды. Неврология бойынша 57%-ға, ал кардиологияда 75%-ға өсті. Бұл бұрын қысқартылған ауруханадағы төсек орындар санын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Алғашқы тоғыз ай ішінде осы бағыттар бойынша 62 700 науқас ем қабылдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық, — деді вице-министр.
Еске салсақ, 2023 жылы 80 медициналық ұйымның кредиторлық қарызы бар екені айнықталды.
Бұл ретте мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемі 10 млрд теңгеге дейін төмендетіледі.