Қазақстанда 2020 жылға қарай жинақталған қалдықтардың көлемі едәуір азаяды деп күтілуде
Бұл туралы бүгін Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті.
Заңнамалық базаның жетілмеуінен бүгінгі күні кәсіпорындарға қалдықтарды кәдеге жаратудан немесе қайта пайдалану шараларын қабылдаудан гөрі оларды орналастыруға ақы төлеу оңай екендігін баса айтқан министр: «Кәсіпорындардың материалдық жауапкершілігі жоқ. Залалдар үшін өтемақы төлемейді. Қалдықтар көлемін азайту және олардың әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдамайды. Осыған орай заң жобасында қалдықтарды өңдеуді және қайта пайдалануды немесе олардың түзілуін азайтуды ынталандыратын экономикалық тетіктер қамтылды», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, бұл үшін Салық кодексіне жинақталған қалдықтардың барлық көлемі үшін қосымша төлемақылар енгізу ұсынылады. Кәсіпорындар қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, оны министрлікте бекітуге міндетті болады. Сонымен қатар кәсіпорындар бағдарламаны әзірлеу және орындау кезеңдерінде көзделген төлемақылардан босатылады. Ал бұл ережелер заң жобасымен 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Яғни кәсіпорындарға өз бағдарламаларын дайындауға және негіздеуге уақыт жеткілікті. Жалпы заң жобасының мақсаты - бюджет толтыру емес, кәсіпорындарды қалдықтарын жою туралы шешімдерді іздеуге ынталандыру болып отыр. «Осындай тетіктерді енгізу арқылы Қазақстанда 2020 жылға қарай жинақталған қалдықтардың көлемі едәуір азаяды деп күтілуде. Бұндай қатаң шаралардың арқасында «Теңізшевройл» компаниясында жинақталған күкірттің көлемін азайтуға және артуын тоқтатуға қол жеткізілді»,- деді Н.Әшімов.