Қазақстанда 2025 жылы балмұздақ экспорты импорттан асып түсті

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет балмұздақ экспорты импорт көлемінен асты. Жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 14 167 тоннаны құраса, импорт 12 194 тонна болды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. 

Қазақстанда 2025 жылы балмұздақ экспорты импорттан асып түсті
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Аталған көрсеткіш саладағы жүйелі өзгерістерді және отандық өндірушілердің халықаралық нарықтардағы позициясының нығаюын айқындайды.

«Шин-Лайн» компаниясының корпоративтік мәселелержөніндегі вице-президенті Омарбек Жұлдыздың айтуынша, қол жеткізілген нәтиже ұзақмерзімді жаңғырту стратегиясымен экспорттық экспансияның жемісі.

– 2005 жылы Қазақстан небәрі 12 тонна балмұздақ экспорттап, 12 мың тоннадан астам өнім импорттаған болатын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді: жеткізу географиясы 10 елге дейін кеңейді, ал экспорт алғаш рет импорттан басым түсті. Бұл қазақстандық өнімнің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және саланың кемелденгенін көрсетеді, - деді ол. 

Балмұздақ
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Оның сөзінше, өсімнің негізгі факторлары – заманауи өндірістік қуаттарды құруға бағытталған ауқымды инвестициялар, озық технологияларды енгізу, сондай-ақ отандық өндірушілерді жүйелі мемлекеттік қолдау. Экспорттық түсімнің артуы және орташа экспорттық бағаның өсуі баға бәсекесінен сапа мен брендтер бәсекесіне көшу үдерісін айқын дәлелдейді.

Қазақстандық балмұздақ экспортының негізгі үлесін қамтамасыз ететін «Шин-Лайн» компаниясы халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуды жалғастырып, отандық кәсіпорындардың тұрақты экспорттық үрдіс қалыптастыру және «Қазақстанда жасалған» брендін жаһандық нарықтарда ілгерілету әлеуетін көрсетіп келеді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО университетінде түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасау қолға алынғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум