Қазақстанда 251 ойын-сауық және демалыс саябағы жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 251 ойын-сауық және демалыс саябағы жұмыс істеген, бір жылда олардың саны 9,1% артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанда 251 ойын-сауық және демалыс саябағы жұмыс істейді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Өңірлер бөлінісінде демалыс орындарының ең көп саны Түркістан облысында (32 бірлік), Шымкент қаласында (29 бірлік) және Қарағанды облысында (28 бірлік). 

2024 жылы ойын-сауық және демалыс саябақтарына 15,5 млн адам барған. Барушылар санының ең көбі Астана (3,2 млн келу), Шымкент (2,7 млн келу) және Алматы (2,5 млн келу) қалаларында байқалған.

Меншік нысаны бойынша демалыс саябақтарының 29%-ы мемлекеттік меншікте, 69,3%-ы жеке меншікте және 1,5%-ы шетелдік меншікте.

Демалыс орындарының 131 ашық аспан астында, 120 орын ғимарат ішінде орналасқан. Ауылдық жерлерде 51 ойын-сауық және демалыс орны жұмыс істейді, бұл жалпы көрсеткіштің – 19,1%.

Демалыс орындарында аттракциондар мен ойын автоматтары түріндегі сауық құруға арналған 3 923 нысан бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкенттегі «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағы сот шешімімен бұзылатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар