Қазақстанда 31 мыңнан астам шетелдік студент оқып жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Орталық Азияның білім беру хабына айналуды көздейді және елімізде 16 шетелдік университеттің филиалдары ашылды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова айтып берді.

− Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетелдік студенттер білім алуда. Жыл сайын мемлекет 200 шетелдік ғалымды шақыруға қаражат бөледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемнің барлық негізгі өңірлерінен серіктестер тартып, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру бойынша елеулі жұмыс жүргізуде, − деді Г. Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі уақытта 12 елдің жоғары оқу орындарымен 34 стратегиялық әріптестік орнатылған, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Кореяның беделді 16 универсиетінің филиалы ашылды.
Филиалдардың бағдарламалары мен мамандықтарының басым бөлігі техникалық бейіндегі кадрларды даярлауға бағытталған.
− Жалпы, шетелдік серіктес универсиеттерді іріктеуде жекелеген салалардағы экономикалық қажеттілік, өңірлердің сұраныстары мен ұсыныстары ескерілді. Мысалы, Ақтөбеде британдық Heriot Watt университетінің филиалы «Электротехника және энергетика»; «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» бойынша кадр даярлау үшін құрылды. Тараздағы РХТУ филиалы Химия және химиялық технологиялар саласында маман даярлайды. Бұл тәсіл түлектерге жергілікті кәсіпорындардың сұранысына сай болуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді, − деді Г. Жарасова.
Бұған дейін Г. Жарасова Қазақстан ЖОО-ларына инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізілетінін айтқан еді. Бүгінде Қазақстанның 54 ЖОО-сында инженерлер оқытылады, онда 103 мыңнан астам студент оқиды.