12:40, 11 Қазан 2012 | GMT +5
Қазақстанда 388 мектеп филиалы заңсыз жұмыс істеп келген
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты облыстық құрылымдардың қатысуымен өткен республикалық кеңесте вице-министр Махметғали Сарыбеков отандық білім беру саласындағы заң бұзушылықтар туралы айтып берді.

Оның мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін елімізде білім беру қызметін заңсыз атқарған 388 мектеп филиалы анықталды. Оларда тиісті куәлік те болмаған. Оған қарамастан, ондай мекемелер жеке-дара заңды тұлға ретінде тіркеліп тұрған. «Жалпы, Қазақстанда 6 145 мұғалімнің мүлдем басқа пәндер бойынша дәріс бергендері анықталды. Қазіргі кезде оларға тиісті білім беріліп жатыр. Мектептерді компьютерлік техникамен қамтамасыз етудің ресми статистикасы қате болып шықты. Былайша айтқанда, есеп пен нақты жұмыстың арасында біраз айырмашылық болды. Осының салдарынан жергілікті бюджеттерге қосымша қаражат аударуға тура келді», - дейді М.Сарыбеков.