Қазақстанда 55 мыңдай медициналық қызметкерлерге медициналық сақтандыру жайы түсіндіріледі

ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 маусымда құрамына облыс әкімдерінің орынбасарлары, Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының басшылары, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің белді қызметкерлері кірген арнайы мобильдік топтар 4 облыстың (Алматы - 51, Қарағанды - 70, Маңғыстау - 35, Павлодар - 15) 171 медициналық ұйымдарының басшылары, сонымен қатар, фармацевтикалық компания мен ҮЕҰ өкілдері үшін семинарлар өткізді. Шара барысында ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері МӘМС-ті енгізу бойынша барлық сұрақтарға жауап алды.
Жуырда медициналық ұйымдардың басшылары МӘМС жүйесінің қағидалары туралы өз қызметкерлеріне айтып береді.
Жалпы алғанда, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарымен Алматы облысында 4,7 мың дәрігер, 13,6 мың орта медициналық қызметкер, Қарағанды облысында - сәйкесінше 6,3 және 13,4 мың адам, Маңғыстау облысында - 1,8 және 5,7 мың, Павлодар облысында 3 және 6,9 қамтылатын болады.
Медициналық қызметкерлермен кездесу - ҚР ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай - ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.
Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.