Қазақстанда 56 көлікті шетелге заңсыз шығарған топ әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі автокөліктерге қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда 56 көлікті шетелге заңсыз шығарған топ әшкереленді
Фото: видеодан алынған скрин

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер жалған тұлғалардың атына несиеге рәсімделген 56 автокөлікті шетелге шығарып, қайта сатқан.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы автокөліктерді жалған тұлғалардың атына кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып, сатқан.

Қылмыстық әрекеттің жолын кесу үшін ІІМ еліміздің 10 өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 48 адам полицияға жеткізілді. Олардың алтауы қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жедел іс-шаралар қылмыстық топтың одан әрі әрекет етуіне тосқауыл қойып, алаяқтықтың жаңа деректерінің алдын алуға мүмкіндік берді.

-Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы ІІМ-нің бақылауында,-делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бірқатар іс бойынша айыптылар 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.