Қазақстанда 6 шілдеде өрт қаупі мен аптап ыстық күшейеді

АСТАНА. Kazinform – 6 шілдеде циклон және атмосфералық фронтальды бөлімдердің әсерінен Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, деп хабарлайды Қазгидромет.

Аптап ыстық Германияға жетті
Фото: Рixabay

Синоптиктердің болжауынша, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, елдің солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Кейбір өңірлерде бұршақ түсу ықтималдығы бар. Республика бойынша желдің күшеюі болжанып отыр, солтүстік пен шығыста дауыл тұруы, солтүстік-батыс пен солтүстікте түнгі және таңертеңгі уақыттарда тұман түсуі мүмкін.

Тек елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында антициклон сілемінің ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Сондай-ақ бірнеше өңірде өрт қаупі жоғарылайды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында, Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Ақмола облысының батысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ал Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, Алматы облысының солтүстігі, батысы мен орталығында, Қарағанды және Ұлытау облыстарының батысы, шығысы мен оңтүстігінде, Ақтөбе облысының орталығында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында және Абай облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі болжанады.

Күндіз кейбір өңірлерде қатты ыстық күтіледі: Алматы облысында - 35°С, Атырау облысында - 35-36°С, Жетісу облысының шығысы, солтүстігі мен оңтүстігінде - 35-37°С, Түркістан облысының оңтүстігінде - 40°С, Ұлытау облысының оңтүстігінде - 35°С, Ақтөбе облысының оңтүстігінде 35-36°С дейін ысиды.

Соңғы жаңалықтар