Қазақстанда 600 білім беру мекемесінде «e-Learning» электронды оқыту жүйесі енгізілген - М.Әбенов

Соған орай отандық педагогтардың біліктілігін арттырудың инновациялық форматы қажет. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанда педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне арналған конференцияда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов мәлім етті.
Бұл бағыттағы жұмысты вице-министр «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына жүктеді.
Оның айтуынша, бүгінде электронды білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында электронды оқыту порталы құрылған. Келесі кезекте жаңа электронды кітаптарды енгізу жұмыстары қолға алынбақ.
«Педагогтардың біліктілігін арттырудың инновациялық форматын енгізудің шарттары қажет. Бұл «e-Learning» жобасын асырудың негізгі талабы. «Өрлеу» филиалдарымен электронды оқыту бағдарламасы аясында 2 жыл қатарынан 8 мыңға тарта жүйе әкімшілері мен пайдаланушылардың біліктілігін арттыру курстары өткізіліп келеді. Қазіргі таңда 600 білім беру мекемесінде электронды оқыту жүйесі енгізілген», - деді М.Әбенов.