Қазақстанда 600-ге жуық шағын емxана салынады

Министрдің айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек xалыққа барынша қолжетімді болуы үшін алдағы үш жылда 595 амбулаториялық мекеме салынады.
"Соның 577-сі ауылдарда, 18-і қалаларда бой көтереді. Осылайша, 2021 жылға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің шағын нысандары салынып, қазіргі жүктемені азайтады әрі ауылда тұратын xалықты толығымен қамтуға мүмкіндік береді. Осы мекемелерге бөлінетін қаржының шамамен 42 проценті мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен болады", - деді Е.Біртанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру кезең-кезеңімен 60 процентке жеткізу жоспарланған. Соның нәтижесінде аталған бағыттарды қаржыландыру көлемі 2,3 есеге өсіп, 2022 жылда 936 миллиард теңгеге дейін көтеріледі.
"Осының бәрі жалпы практика дәрігерінің рөлін күшейтіп, негізгі аурулардың госпитализациясын 30 процентке төмендетеді. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Е.Біртанов.
Айта кетейік, кеше "Нұр Отан" партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемін 40 проценттен 60-қа дейін арттыруды тапсырған болатын. "Халықтың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық қызмет болуы қажет. Ал отандық медицина аурудың алдын алу және салауатты өмір салтына басымдық беруі шарт. Қоғамдық денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемін 40 проценттен 60-қа дейін арттыру қажет. Бұл - дамыған елдердің тәжірибесі", - деді Н.Назарбаев.