Қазақстанда 7 шілдеде ауа райы құбылмалы болады

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 2025 жылғы 7 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде циклон және оған ілескен атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.

Найзағай
Фото: Pixabay.com

Синоптиктердің болжамына сәйкес, республиканың солтүстігінде, шығысында найзағайлы жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде бұршақ жаууы ықтимал.

Ал батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда антициклонның ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Еліміз бойынша жел күшейіп, солтүстік пен шығыста дауыл тұруы мүмкін. Солтүстік-батыс аймақтарда түнгі және таңғы уақыттарда тұман түсуі ықтимал.

Бірқатар өңірлерде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады:

  • Жоғары өрт қаупі Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Ақмола облысының батысында, Шығыс Қазақстанның оңтүстігі мен орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстік және оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысының орталығында күтіледі.

  • Төтенше өрт қаупі Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, Алматы облысының солтүстік, батыс және орталық бөліктерінде, Қарағанды облысының батыс, оңтүстік, шығыс өңірлерінде, Ұлытау облысында, Ақтөбе облысының орталығында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде болжанады.

Сонымен қатар, күндізгі уақытта кей өңірлерде аптап ыстық күтіледі:

  • Алматы облысында +35°C,

  • Қызылорда облысында +40°C,

  • Ұлытау облысында +35…37°C,

  • Жетісу облысының шығысы мен солтүстігінде +35…37°C дейін ысиды.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және ауа райының қолайсыздығы кезінде алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар