Қазақстанда 70 жыл бұрын жасалған «Рихлокаин» неге әлі жоба күйінде жатыр

Қазақстанда химия ғылымының дамуына аянбай еңбек сіңіріп, аттары әйгілі болған ғалым көп. Солардың бірі - Күнназ Мырзағұлова. Бар күш-жігерін отандық дәрі-дәрмек нарығын дамытуға сарп еткен ұстаз-ғалым Kazinform тілшісіне елдегі фармацевтика саласы мен 40 жыл зертханада жатып қалған препарат туралы айтып берді.

рихлокаин
Фото: К. Мырзағұлованың жеке мұрағатынан

Күнназ Баймұханқызы, отандық дәрі-дәрмек өндірісі туралы айтып беріңізші?

Елімізде фармацевтикалық нарықты дамытуға қабілетті ғалым өте көп. Олардың ойлап тапқан препараттары туралы ауыз толтырып айтуға болады. Алайда, түрлі себептермен отандық дәрі-дәрмек өндірісі еңсесін тіктей алмай келеді. Қазір ішкі нарықтағы өнімнің 70-80 пайызы сырттан келеді. Бұл – мемлекеттік деңгейде ойланатын өзекті проблема.

– Химия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, көптеген препарат ойлап тапқан ғалым - Ахметжан Шәріпқановтың шәкірті екеніңізді білеміз. Ұстаз-ғалым Сізге не аманаттап кетті?

– 1971 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің химия факультетін тамамдадым. Одан кейін университеттің аспирантурасына түсіп, ғылымның даңғыл жолына бет бұрдым. 1954 жылы ғылыми жетекшім Ахметжан Шәріпқанов «Рихлокаин» деген дәрі ойлап табады. Ол заманында дәрі-дәрмек жасап шығару, оны түрлі сынақтан өткізу оңай емес еді. Осындай қолайсыз кезеңде «өмірге келген» «Рихлокаиннің» жолы болмады. Сол жатқаннан ұзағынан – қырық жыл жатты. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы қадамдар жасала бастады. Ол уақытта елімізде зертхана, сынама дегеннің алғышарты бол­мағандықтан және салалық мамандар жетіспегендіктен, бастапқы сынақ Арменияда, одан кейін Ресейде жасалды. Анығында, теріскейдегі көрші елдің Анжеро-Судженск фармацевтикалық зауытында сыналды.

– Ол не дәрі еді?

– Бұл – синтетикалық қарапайым препарат. «Рихлокаин» - өкпе дертіне, ұйқы безі, жүрек аурула­ры мен қант диабетіне таптырмайтын дәрі. Меди­цина тілінде оны анестетик дейді. Соңғы кездері құрамы жетілдірілді. Түрлі сынақтарда оң нәтиже көрсетіп жатыр. Анығында, «Рихлокаинді» қатерлі ісікпен күрес тәжірибесінде қолдануды 2000 жылы Ростов онкологиялық орталығының онкологтері зерт­теген. Ол науқастардың имму­ните­тін қалпына келтіріп, метаболикалық бұзы­лысты түзетеді. Демек, онко­логиялық науқастарды (3-кезең­де) емдеуге ықпал ететін ағзаның қорғаныс жүйесін белсенді етеді, 4-кезеңде өмірді бес жылға ұзар­тады. Өкі­ніш­ке қарай, субс­танцияның өнді­рілмеуі салдары­нан емдеу әдісі қолданысқа енгізіл­меді. Кейбір мамандар оның құрт ауруына (туберкулез) қарсы жақсы өнім екенін де айтады.

– Демек, өнімге нарықта сұраныс жоғары болып тұр ғой?

– Иә. Өнімге нарықта сұраныс бар. Тіпті, шетел­діктер, оның ішінде Үндістан елінің компаниялары тапсырыс беруге дайын отыр. Мәсе­лен, туберкулез дертіне шалдық­қан науқастың жанама кеселдері міндетті түрде болады. «Рихло­каин» сол жа­нама дерттерді ем­деуге де ықпалды. Осындай ауруға шипа беретін өнімнің әзірге жоба күйінде жатуы, әрине жанға батпайды емес, батады. Сондықтан, жо­баны коммерцияландыру мәсе­ле­сін қолға алу керек.

– Сату туралы сөз қозғадыңыз, өнім патенттелген бе?

- «Рихло­каин» - сөзсіз біздің өнім, біздің жоба. Оған біздің ғана құқығымыз бар. Десек те, қайта патенттеу керек немесе лицензияны қомақты сомаға сатуға болады.

– Оның құны қанша болмақ?

– Осыдан 18 жыл бұрын, яғни 2005 жылы 500 млн долларға бағаланған болатын. Енді қазіргі бағасын бағамдай беріңіз. Қазір сонымен айналысып жатырмын. Бүгінде Үндістан қызығушылық танытып отыр.

Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар