Қазақстанда 93 кәсіби гидке бірыңғай бейдж табысталды
АСТАНА. KAZINFORM — Тіркеуден және тестілеуден сәтті өткен гидтерге олардың мәртебесі мен кәсіби даярлығын растайтын бірыңғай стандарттағы ресми бейдж табысталады, деп хабарлайды Туризм жəне спорт министрлігі.

Туристік қызметтердің сапасын арттыру және экскурсиялық сүйемелдеу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда гидтердің қызметін жүйелі реттеуге бағытталған цифрлық модуль енгізілді. Аталған модуль арқылы пайдаланушылар гидтер туралы тексерілген ақпаратты ала алады, ал гидтер өздерінің кәсіби біліктілігін растап, тестілеуден өтіп, қосымша білім алу мүмкіндігіне ие болады.
— Тіркеуден және тестілеуден сәтті өткен гидтерге олардың мәртебесі мен кәсіби даярлығын растайтын бірыңғай стандарттағы ресми бейдж табысталады. Қазіргі таңда мұндай бейджді 93 гид иеленіп отыр. Білікті мамандарды қолдау бастамасы аясында еліміз бойынша 41 туристік нысанға жеңілдікпен кіру мүмкіндігі ұсынылып отыр. Жеңілдік гидтер мен олардың алып жүретін ұйымдастырылған туристік топтарына арналған, — делінген министрлік хабарламасында.
Өңірлер бөлінісі бойынша:
Алматы облысы — 17 нысан, оның ішінде «Көлсай көлдері», «Шарын» шатқалы, «Іле-Алатау» ұлттық паркі, сондай-ақ музейлер мен қорықтар;
Астана қаласы — 9 нысан, соның ішінде «Бәйтерек» монументі, «Астана Опера» театры, Ұлттық музей;
Алматы қаласы — «Шымбұлақ» курорты, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, «Ғылым ордасы» музейі және Орталық мемлекеттік музейде жеңілдік қарастырылған;
Солтүстік Қазақстан облысы — «Ботай» музей-қорығы;
Жетісу облысы — «Алтын-Емел» ұлттық паркі мен Жетісу Алатауы мемлекеттік табиғи паркі.
Бұған дейін елімізде балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жол картасы әзірленгенін жаздық.