Қазақстанда АЭС құрылысына арналған ұлттық стандарттар әзірленіп жатыр
АСТАНА.KAZINFORM — Атом электр станцияларын салуға қойылатын талаптар ұлттық стандарттарда бекітілуі тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта ведомство Атом энергиясы агенттігімен бірлесіп, АЭС салу жоспарына байланысты ұлттық стандарттарды бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Қазіргі уақытта біз Атом энергиясы агенттігінің әріптестерімен бірлесе отырып, атом электр станцияларын салу жоспарына байланысты ұлттық стандарттарды бейімдеу бойынша жұмыс жүргізудеміз. Мұндағы басты мәселе АЭС-ті жобалауға, салуға және пайдалануға қойылатын талаптар ұлттық стандарттарда, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілер мен техникалық құжаттарда халықаралық тәжірибе ескеріле отырып бекітілуі тиіс, — деді ол.
Айта кетейік, еліміздегі алғашқы АЭС нысанын іске қосу мерзімі мен негізгі жұмыстар нақтыланды.