Қазақстанда ағымдағы инфляция көлемі 6-8 пайыздық дәлізге қол жеткізуге мүмкіндік береді - Д. Ақышев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағымдағы инфляция көлемі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 6-8 пайыздық дәлізге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
None
None

«Қазір елімізде ай сайын белгіленіп жатқан инфляция көлемі көпжылдық трендтке сәйкес келеді. Яғни, ол 2016 жылдың қорытындысы бойынша - 6-8 пайыздық дәлізге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір, ішкі нарықтағы сұраныстарға, мұнайға қатысты әлемдік бағаға және басқа елдердегі экономикалық жағдайларға қарап, еліміздегі инфляция көлемі биыл осы болжалды дәліздің шеңберінде қалады деп нық болжам жасауға болады», - деді Д. Ақышев.

Сонымен қатар, бас банкир теңгенің айырбас бағамына қатысты да өз пікірін білдірді.

«Теңге бағамы 2016 жылдың мамыр айында 1 АҚШ доллары үшін 335,84  теңгені құрады. Теңгенің атаулы көлемдегі әлсіреуі мамыр айында 2,5 пайыз болды. Бірақ, жыл басынан бері теңге бағамы - 1,2 пайызға нығайды», - деді Д. Ақышев.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Банкісінің төрағасы валюта нарығында теңгенің нығайып жатқандығын жеткізді.

«2016 жылдың мамыр айында валюта нарығында шетелдік валюта артығымен ұсынылды. Мұндай жағдайдың орын алуына тұрғындар мен кәсіпорындар тарапынан негізінен теңгелік құралдарға инвестиция жұмсалғаны әсер етті деуге болады. Бұл жағдайда Ұлттық Банк еліміздің алтын-валюта қорын толықтыру және айырбас бағамының күрт өзгеріп кетуіне жол бермеу мақсатында шетелдік валютаны сатып алуды одан әрі жалғастырады және мұны дұрыс деп санайды. Дегенмен, біз әлемде орын алатын іргелі трендтерге, яғни құбылыстарға кедергі жасаудан аулақпыз. Онсыз да, жалпы валюта саудасы тұрғысынан алып қарағанда, Ұлттық Банк тарапынан сатып алынып жатқан шетелдік валютаның көлемі аса үлкен емес. Мысалы, 2016 жылы мамыр айында Ұлттық Банк валюта нарығында - 728,3 млн. АҚШ долларын сатып алды. Яғни, біздің валюта нарығына қатысу үлесіміз - бар болғаны 29 пайызды ғана құрады. Сонымен қатар, мамыр айында Қазақстан азаматтары шетелдік валютаны сатып алғаннан көрі, көбірек сатты. Мысалы, осы өткен мамыр айында тұрғындар тарапынан сатылған қолма-қол шетелдік валютаның нетто сатылымы - 183,8 млн. АҚШ долларын құрады. Осылайша, 2016 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында айырбас пункттері арқылы - 947,2 млн. АҚШ доллары сатылды», - Д. Ақышев.

Соңғы жаңалықтар