Қазақстанда ақбөкендерді заңсыз аулау фактілерін анықтау соңғы жылдары 50 пайызға өсті

Оның айтуынша, 2012 жылы қылмыстық жазаланатын 33 қаскөйлік әрекеттің жолы кесілген болса, 2014 жылы осындай 71 әрекет анықталды.
«Ал 2015 жылдың басынан күні бүгінге дейін 63 қылмыстық жазаланатын браконьерлік әрекет анықталды. 2012-2015 жылдар аралығында біздің кәсіпорынның инспекторлары ақбөкенге және басқа да өте сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулауға қатысты 213 қылмыстық жазаланатын браконьерлік әрекетті анықтады. Сөйтіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қатысты 814 әкімшілік материалдар дайындалды», - деді Е. Әлзақов.
Бұл жерде Ерзат Уәлиханұлы елімізде ақбөкендер мен сирек кездесетін және құрып кетудің алдында тұрған жануарларды мемлекеттік тұрғыда қорғау мақсатында инспекторлардың саны мен техникалардың көбейтіліп жатқанын жеткізді.
«2003 жылы біздің кәсіпорынның базасында тұңғыш рет киіктерді, яғни аөбөкендерді мемлекеттік қорғау қызметі құрылып, бұл жұмысқа 59 инспектор жұмылдырылған еді. Биыл, киіктер және сирек кездесетін басқа да жан-жануарларды қорғау және сақтау аясында біздің кәсіпорынның базасында Бақылау-инспекторлық басқарма құрылды. Оның құрамында үш өңірлік филиал бар. Орталық филиал Астанада, Батыс филиал Ақтөбеде және Оңтүстік филиал Шымкентте орналасқан. Сондай-ақ 15 тірек пункттері бар. Бүгінгі таңда барлығы 220 инспектор өз жұмысында 91 жеңіл автокөлікті, 13 жүк көлігін және қарда жүргіш көліктер мен мотоциклдерді пайдаланады», - деді Е. Әлзақов.
Айта кетелік, өткен ғасырдың елуінші жылдары Қазақстанда ақбөкендердің саны 1,5 млн. жуық болған екен. Алайда, әр түрлі індеттер, қатты аяздар, жыртқыш аңдар және жаппай сұғанақ аңшылық әрекеттердің салдарынан 2003 жылға қарай, елімізде 21 мыңнан сәл ғана астам киіктер қалды.
Ал қазіргі таңда оларды қорғауға қатысты қолданылған мемлекеттік шаралардың арқасында киіктердің саны жылдан-жылға өсіп келеді. Қазақстанда киіктер, яғни ақбөкендер үш аймақта өмір сүретіні белгілі. Бүгінгі таңда Бетпақдала тобында 25-30 мың шамасында, Үстірт тобында 2 мыңға жуық, ал Жайық тобында 51 мыңдай ақбөкен өмір сүреді.
Жалпы, ақбөкендер өсіп-өнуінің тығыздығы мен үйір көлемі азая тұрса да, таралу аймағы және мекендеу алаңы өзгеріссіз қалды. Ол 123 млн. гектарды құрайды. Демек, инспекторлардың жұмысы да, оларға жүктелген жауапкершілік те төмендеген жоқ деген сөз. Олар жануарлардың барлық мекендеу аумақтарын күзетумен айналысуда.