Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарын қабылдай алатын жарыс трассасы пайдалануға беріледі

Ең алдымен Sokol кешені маркетинг бөлімінің жетекшісі Думан Жұмаділов Алматыдан келген журналистерге аумағы 205 гектар жерді алып жатқан жаңа бірегей кешеннің макетімен таныстырды.
Оның айтуынша, кешен аумағында тек MotoGP жарысына арналған трасса ғана емес, басқа да бірқатар маңызды нысандар салынады.
«Сокол кешенін салудағы басты мақсат - Қазақстанда автомотоспорт саласын дамыту үшін жеткілікті жағдай жасау. Бұл жерде қазірдің өзінде дрифт, дрэг-рейсинг, картинг бойынша жарыстар өткізіліп жатыр. Осындай жарыстарды тамашалау үшін адамдар тіпті шет елге де баруға дайын. Сондықтан, жақын болашақта біздің автодром бүкіл Орталық Азия бойынша ең алғашқы кәсіби автодромға айналады деген сенімдеміз», - деді Думан Жұмаділов.
Бұдан кейін, күннің аптап ыстығына қарамастан журналистер ұйымдастырушылармен бірге шаңы бұрқырап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан алып автодромды аралап, макетте көрген нысандардың құрылысын өз көздерімен көрді. Осы сәтте олардың қатарына Алматыға екі күнге келген MotoGP мотоциклінде тас жолды-айналма жарысынан қазіргі Әлем чемпионы (Мото Гран При Әлем чемпионаты) испаниялық Хорхе Лоренсо келіп қосылды. Ол журналистермен бірге жарыс жолдарын және басқа да нысандарды аралап көрді және өзінің бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Осыдан соң, ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Хорхе Лоренсо журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Айта кетелік, Сокол кешенінің «Үлкен сақинасы» деп аталатын жарыс трассасының құрылысы қазір қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ол қолданысқа 2017 жылы беріледі. Оның жобасын атақты неміс сәулетшісі Герман Тильке жасаған. Ені 15 метр, ал ұзындығы 4495 метр болатын тректе республикалық дәрежедегі және MotoGP, Superbike (сериялық мотоциклдерге арналған әлем чемпионаты), DTM (кузовтық автокөліктерге арналған германиялық жарыс ), WTCC (жеңіл автокөліктерге арналған тас жол-айналма жарысынан әлем чемпионаты) секілді әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.
Сонымен қатар, оның базасында картинг және спорттың басқа да техникалық түрлері бойынша секциялар, балаларға және ересектерге арналған авто-спорт клубтарын, жоғары дәрежедегі жүргізушілік шеберлік мектебін ашу, сондай-ақ, автокөлік, тасжол-айналма мотоцикл жарыстарын, дрифтинг, дрэг-рейсинг және картингтен жарыстар өткізіп тұру жоспарланған.
Бұдан басқа, кешенде жақын болашақта аутлет-дүкендер, бассейндер, вело және атпен жүру жолдары, қонақ үй кешені ашылады. Сондай-ақ, мұнда пэйнтбол аймағы, скейт және роликтік коньки тебетін алаңқайлар жұмыс істейтін болады.