Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарға 200–300 пайыз үстемеақы төлеу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда учаскелік дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлерге, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге қосымша ақы төлеу ұсынылды. Үстемеақы мөлшері маманның еңбек өтілі мен атқаратын қызметіне байланысты болады. Жаңа төлемдерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.

До 200 и 300 процентов к окладу соцработникам и психологам предлагают доплачивать в Казахстане
Фото: Kazinform/ЖИ

Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік ұйымдар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Жобаға сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) саласындағы медицина қызметкерлеріне осы салада үздіксіз жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеу ұсынылып отыр.
Бұл өзгеріс учаскелік терапевтер мен педиатрларға, жалпы практика дәрігерлері мен медбикелеріне, учаскелік медбикелерге, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп медбикелеріне қатысты.

Үстемеақы лауазымдық айлықақыға қарай есептеледі:
· еңбек өтілі 2 жылдан асса – 20%;
· 3 жылдан асса – 30%;
· 5 жылдан асса – 50%.

Сондай-ақ МСАК ұйымдарында халыққа тікелей көмек көрсететін медициналық емес қызметкерлерге де қосымша ақы төлеу көзделген. Атап айтқанда, психологтарға базалық лауазымдық айлықақысының 300%-ы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы мөлшерінде үстемеақы төлеу ұсынылып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, бұл шаралар халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандардың осы салада тұрақтап қалуына бағытталған. Қосымша төлемдер кадрлардың жиі ауысуын азайтуға, маман тапшылығын қысқартуға және пациенттерді үздіксіз медициналық бақылаумен қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтіледі.

Қаулы жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медициналық қызметтің 77 мыңнан астам маманына үздіксіз еңбек өтілі үшін үстемеақы төленетіні хабарланған еді. Осы мақсатқа жыл сайын шамамен 300 млн доллар бөлінеді.