Қазақстанда әлеуметтік қолдау критерийлері жаңартылды: қандай отбасыларға көмек көрсетілмейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бірыңғай әлеуметтік қолдау шаралары стандартына сәйкес, отбасылардың мұқтаждық деңгейі енді цифрлық отбасы картасындағы деректер негізінде автоматты түрде және жаңартылған критерийлер бойынша айқындалатын болады.

әлеуметтік қолдау критерийлері жаңартылды
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі

Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрлік мәлім еткендей, мемлекеттік қолдау шаралары азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындалады. Бұл есептеулер үшін скорингтік үлгі қолданылады. Аталған үлгіге сәйкес, отбасылардың әл-ауқаты алты деңгейге бөлінеді – аса мұқтаждық (азық-түлікке қаражаттың жетіспеуі) деңгейінен бастап жоғары әл-ауқатқа (материалдық қиындықтардың болмауы) дейін.

Скорингтік үшгі отбасылардың тұрмыс деңгейін кешенді түрде бағалайды. Бағалау кезінде келесі көрсеткіштер ескеріледі:

– Материалдық және материалдық емес көрсеткіштер;

– Асырауындағы адамның жүктемесі;

– Өзін-өзі іске асыру қабілеті;

– Жасырын табыстар.

– Материалдық көрсеткіштерге кіріс, тұрғын үй, мүлік, көлік, несиелер жатады. Материалдық емес көрсеткіштерге денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі кіреді. Асырауындағы адамдардың жүктемесі – жұмыс істейтін және істемейтін отбасы мүшелерінің қатынасы арқылы бағаланады. Жасырын табыстарға бейресми жұмыстан алынатын кірістер мысал бола алады, – деп түсіндірді министрлік Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында.

Бағалау процесі азаматтың қатысуынсыз жүргізіледі. Атап айтқанда, жүйе автоматты түрде деректерді талдап, нақты мұқтаж жандарды анықтайды. Қазір бұл үлгі Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында сынақтан өтіп жатыр.

Пилоттық жоба аясында скорингтік үлгі негізінде төрт мемлекеттік қызмет бойынша төлемдер тағайындалған:

– Үй жағдайында білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу шығындарын өтеу – 1 255 адам;

– Білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және материалдық көмек көрсету – 22 382 адам;

– Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төленетін жалдау ақысын субсидиялау – 1 478 отбасы;

– Тұрғын үй көмегін тағайындау – 1 730 қызмет көрсетілді.

– Жалпы, бұл үлгі азаматтардың мұқтаждық деңгейін объективті түрде анықтауға, қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды анықтап, оларға ең тиімді қолдау шараларын таңдауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл әлеуметтік көмекті жекешелендіруге, оның тиімділігін арттыруға және мемлекеттік төлемдерге тәуелділіктің алдын алуға бағытталған, – деп атап өтті министрліктен.

Бұған дейін жыл басынан бері Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдауға 3,4 трлн теңге бағытталды, төлемдер 4,5 млн адамды қамтығанын жазғанбыз.

Еске салсақ, 2024 жылы мемлекетіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген әлеуметтік өзгерту бағыттарын жалғастырды. Еліміздің экономикалық стратегиясының негізі – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл әлеуметтік қолдау мен реформалардың маңызды шараларында көрініс табады. 

 

Соңғы жаңалықтар