Қазақстанда алғаш рет баяншылар мен аккордеоншылардың әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 23-27 тамыз аралығында Астанада Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет баяншылар мен аккордеоншыларға арналған беделді «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы өтеді, деп хабарлайды Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы.
Байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Орталық концерт залында ұйымдастырылады. Сонымен қатар осы күндері Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы (Confédération Internationale des Accordéonistes, CIA) делегаттарының 156-конгресі өтеді.
«Coupe Mondiale» – баян және аккордеон өнері саласындағы әлемдегі ең беделді әрі көне халықаралық байқаулардың бірі. Алғаш рет 1938 жылы ұйымдастырылған бұл дода бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік орындаушылардың басын қосатын кәсіби алаңға айналған.
Байқауға халықаралық деңгейдегі музыканттар мен мәдениет қайраткерлері қатысады. Сарапшылар 21 елден келсе, қатысушылар 16 елден өтінім берген. Олардың қатарында Австралия, АҚШ, Германия, Италия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Түркия, Қазақстан және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
«Қазақстанның аталған халықаралық жобаны өткізу құқығына ие болуы еліміздің мәдени әлеуетінің жоғары деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бұл іс-шара Астананың халықаралық мәдени диалог орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Байқау аясында CIA президенті Мирко Патарини, вице-президенттер Ли Цонг пен Зорица Каракутовска, бас хатшы Киммо Маттила, бас менеджер Харли Джонс, бас амбассадор Кевин Фридрих және конфедерацияның басқа да жетекшілері Астанаға келеді.
23 тамызда қатысушылардың жеребе тарту рәсімі өтсе, 24 тамызда байқаудың салтанатты ашылуы ұйымдастырылады. 25–27 тамыз аралығында конкурс тыңдаулары, шығармашылық шеберлік сабақтары, концерттер, баспасөз мәслихаты, жеңімпаздарды марапаттау және жабылу салтанаты өтеді.
25 тамызда «Coupe Mondiale 74» халықаралық байқауының жеңімпазы, қазақстандық баяншы Олжас Нұрлановтың жеке концерті жоспарланған. Ал 26 тамызда «Saz & Soul» музыкалық ұжымы мен «Samǵa» квартетінің қатысуымен «Танго» концерттік бағдарламасы ұсынылады.
Айта кетейік, елордада Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі басталды.