Қазақстанда алғаш рет Инновациялық форум өтеді

Осыған орай бүгін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оған Ұлттық инновациялық қордың басқарма төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин, Қордың басқарушы директоры Расул Рахымов және Сыртқы байланыстар департаментінің директоры Серік Маратов қатысты.
Форум егемендіктің 20 жылы ішіндегі еліміздің инновациялық дамуының нәтижелерін қорытындылауға, орта және ұзақ мерзімді келешектегі инновациялық қызметтің даму бағдарларын анықтауға арналады. Форум жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.
Алқалы жиынға Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, даму әрі ғылыми-зерттеу институттары, бизнес пен инновациялық кәсіпкерлер, халықаралық сарапшылар мен шетелдік серіктестер қатысатынын атап өткен Ә.Сұлтанғазин: «Осылайша, форумда инновациялық саясатты жасақтаушылар мен инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау құралдарының операторлары бас қосады», - деп атап өтті.
Форум бағдарламасында екі күн бойы Тәуелсіздік сарайында жұмыс істейтін Инновациялық жобалар көрмесі айрықша орын алмақ. Көрмеде Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған экономиканың түрлі саласын таныстыратын ең таңдаулы инновациялық жобалар ұсынылады. Олар инновациялық жобалардың республикалық байқауының қорытындылары бойынша іріктеліп алынған.
Сондай-ақ, форумда ағымдағы жылы инновациялық қызметті насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бірқатар республикалық байқаулардың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.