Қазақстанда алтын қымбаттады

АСТАНА. KAZINFORM — Алтынның бір грамы шамамен 56 527 теңгені құрап отыр.

Золото бьет новые рекорды: цена впервые превысила $3 050 за унцию
Фото: yenisafak.com

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 17 шілде күні алтынның грамы 56 527,25 теңгеге бағаланды.

Өткен бейсенбі, 10 шілдеде бағалы металдың құны шамамен 54 862 теңге болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 2025 жылдың бірінші тоқсанында мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдарының болжамды ресурсы бар 38 перспективалық учаске анықталған.

Айта кетейік, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемнің 20 елінің қатарына енді. Соңғы 10 жылда елімізде құрамында алтыны бар кен өндіру 2,2 есеге өсті.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында алтынға жалпы сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға өсіп, 1206 тоннаны құрады — бұл 2016 жылдан бері бірінші тоқсандағы ең жоғары көрсеткіш.

Орталық банктер бірінші тоқсанда 244 тонна алтын сатып алды, бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда аз.

Алтын зергерлік бұйымдарға сұраныс та рекордтық бағалар жағдайында күрт төмендеді, олардың көлемі 2020 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті. Құндылық тұрғысынан алғанда, алтын зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар бір жылмен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 35 миллиард долларды құрады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы Қазақстанда алтын бұйымдарының бағасы 8,3 пайызға өскен.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзіміне қатысты жаңартылған деректерді жариялады.

Соңғы жаңалықтар