Қазақстанда анасы сотталған сәби 3 жасқа толғаннан кейін де түрме ішіндегі балалар үйінде қала алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда анасы сотталған сәбидің пенитенцинарлық балалар үйінде тәрбиелену мерзімі ұзартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда анасы сотталған сәби 3 жасқа толғаннан кейін де түрме ішіндегі балалар үйінде қала алады

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін анасы сотталған сәбилер 3 жасқа дейін ғана пенитенцинарлық балалар үйінде тәрбиеленетін.

Бала үш жасқа толғанда анасы бостандыққа шығып немесе туыстары алып кетпесе, онда ол балалар үйіне жіберілетін.

«Ендігі уақытта сотталған әйел 1 жылдың ішінде бостандыққа шығатын болса, онда оның сәбиі 3 жасқа толғаннан кейін де пенитенциарлық балалар үйінде тәрбиелену құқығына ие болады», - деп атап өтеді комитеттен.

Айта кетерлігі, бүгін «Жаңа жағдайдағы пенитенцинарлық жүйе» тақырыбындағы халықаралық онлайн форум өтіп, онда ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов осы мәселеге жан-жақты тоқталған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде бір ғана пенитенцинарлық балалар үйі бар.

Ол Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/4 әйелдер колониясында орналасқан.

Бүгінде онда 15 ұл және 15 қыз бала тәрбиеленіп жатыр.