Қазақстанда АӨК-ті тиімді дамытудың негізгі бағыттары қалай айқындалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада AgriTech – агротехнологиялар саласындағы форсайт зерттеулердің басталуына арналған бірінші дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Форсайт әдісінің негізгі мақсаты - мемлекеттің тұрақты инновациялық дамуына қажет негізгі міндеттерді, технологияларды, тәжірибелерді, нарықтарды анықтау.

«Бұл өз кезегінде үлгі боларлық жағдай. Өйткені осы бағытта жақсы командалық жұмыс іске асады. Бұл жолы біз бизнеспен оңтайлы байланыс болуы үшін біраз кәсіпкерді шақырдық. Ал енді біздің міндетіміз – әлемдік трендтерді зерттеу және біз үшін табысты нарықтарды анықтау, сондай-ақ технологиялық даму тұрғысынан Қазақстанның қазіргі жағдайын егжей-тегжейлі зерттеу. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңесте басым бағыттарды анықтауды ұсындық, оның ішінде MedTech, GreenTech, AgriTech қамтылған. Бүгінгі жиында AgriTech бойынша арнайы талқылау жасаймыз. Бүкіл әлемнің негізгі бағыттарын және біздің елдің жағдайын толық зерттегеннен кейін өзіміздің басым салаларды тағы бір пысықтап шығымыз», - деді «Qazinnovations» ИДЖҰА» АҚ басқарма төрағасы Санат Аханов.

Оның айтуынша, пайдасы мен табысы аз жобаларды ысырып тастау керек. Осы орайда импортты алмастыру мен экспортты көтеретін барынша тиімді жобаларды табу маңызды.

«Жалпы, біздегі ауыл шаруашылығы саласында сегізге жуық қосалқы бағыт бар. Солардың ішінде Қазақстан үшін қаражатты қай бағытқа салу тиімді болатынын нақты анықтайтын боламыз. Осы форсайт нәтижесінде саланың проблемаларын анықтаймыз. Ал бұл жалпы ауыл шаруашылығы саласында оңтайлы нәтиже жасауда жақсы қолдау болмақ. Мұнымен қоса, біз мұндай ерекшеліктерді технология призмасы арқылы анықтаймыз. Нәтижесінде мақсатты технологиялық бағдарлама жасалып, оны Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің қарауына ұсынатын боламыз. Біз қай жерде перспективалы бағыттар мен нарықтар бар екенін және қазіргі жағдайға қатысты нақты баға береміз. Яғни, осы табысы бар бағыттарды зерттеп, оның әлеуетін еліміздің басшылығына таныстыру керек», - деді сарапшы.

Ол форсайт аясында барлық қосалқы секторларда өздерінің тобын жинайтын сарапшылар бар екенін нақтылады.

«Өз кезегінде оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кіреді. Енді олар тағы да қазіргі жағдайды, яғни жаһандық трендтерді зерттейді. Содан кейін олар қазіргі кезде саладағы барлық жоба мен компанияларға мониторинг жасайды. Бұл форсайттың ерекшелігі – біз болашаққа арналған жобаларды, сондай-ақ қазіргі жағдайды да зерттейміз. Мәселен, адами капитал мен инфрақұрылымның тиісті деңгейі жасақталған қандай да бір жоба болса, онда тиісті қадамдар жасау туралы ұсыныс енгізіледі. Бұл ретте қандай да бір заңды өзгертіп, қаржыландыру мәселесін шешуге ерекше назар аударылады. Сонда осы жобалар аясында экспорт әлеуетін дамыту мүмкін болады», - деді С. Аханов.

Бұдан бөлек, осы саладағы срапшы-үйлестіруші Әнуарбек Бисембаев форсайт зерттеулердің негізгі мақсаты агроөнеркәсіптік кешеннің инновациялық тұрақты дамуы үшін негізгі технологияларды айқындауға бағытталғанын айтты.

«Осы мақсатқа жету үшін алдымызға келесі міндеттер қойылды: технологиялық болжау және аналитикалық зерттеулер жүргізу, тиісті салаға арналған мемлекеттік технологиялық саясатты әзірлеу, әлемдік трендтерді бақылау және саланың бәсекелестік артықшылығын анықтау. Мұның бәрі бізге GII жаһандық инновациялық индексінің көрсеткіштерін және орталық мемлекеттік органдар үшін белгілі бір KPI қызметіндегі табыс көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Бисембаев.

Оның сөзіне қарағанда, биыл шілде айында Agritech бойынша қосалқы бағыттарды айқындау жұмысы атқарылған.

Әр бағыт бойынша сарапшылар іріктеліп, тиісті міндеттер жүктелді.

«Тамыз айында Agritech саласын дамытудағы проблемалар мен кедергілер анықталды. Қыркүйек айында біз Agritech бағыты бойынша трендтер мен драйверлерді пысықтап, талдаймыз. Бұл тұрғыда бағдарламалық әрі мақсатты қаржыландыру, гранттық қаржыландыру, патент жобаларын зерттейміз. Сонымен қатар, саладағы негізгі субъектілер мен мамандар арасында пікір алмасу ұйымдастырамыз. Қазан айында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың іске асырылып жатқан бағдарламалары мен стратегияларына талдау жүргізіледі. Бұдан бөлек, Қазақстанның әлемнің басқа елдерімен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілігі, әлсіз және күшті тұстарының ықпалы, қауіп-қатерлердің әсері, сондай-ақ дамыту мүмкіндіктері кеңінен пысықталады», - деді ол.

Әнуарбек Бисембаевтың айтуынша, қараша айында Agritech бағытындағы перспективалы технологиялардың, өнімдер мен қызметтердің тізімдері құрылады. Осы орайда болашағы бар салалардың проблемалары анықталып, оларды шешу жолдары зерделенеді, сондай-ақ норма жасау, құзыреттілік және қаржыландыру мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар айтылады.

«Желтоқсан айында біз тағы да дөңгелек үстел отырысын өткіземіз. Оған қатысатындардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Біз негізгі және басым технологияларға, өнімдер әрі қызметтерге қатысты технологиялық зерттеудің нәтижелерін талқылаймыз», - деді спикер.

Ә.Бисембаев агроөнеркәсіп кешенінің дамуындағы кедергілерді де тізіп шықты.

«Қоғамда мықты кадрлардың тапшылығы мәселесі бар. Технологиялық кедергілерге тоқталсақ, өндірістік қордың тозуы, өндіріс пен сала ғылымының арасындағы байланыстың жоқтығы және жеке капиталдың шектеулі қатысуы, органикалық әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің аздығы, агроөнеркәсіптік кешендегі процестердің нашар автоматтандырылуы, қолданбалы ақпараттық жүйелердің нашар енгізілуі, сондай-ақ азық-түлік сапасын бақылауға тиісті деңгейде назар аудармау мәселесі байқалып отыр. Сонымен қатар, экономикада азық-түлік қауіпсіздігінің төмен деңгейін, шағын тауарлы өнімдердің көптігін, ауыл шаруашылығы өндірісінің, қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі инфрақұрылымын жаңғырту қажет екенін атап өткен жөн. Экологияда климаттың жаһандық өзгеруі мәселесі бар», - деді үйлестіруші.

Әнуарбек Бисембаев аталған жұмыстар аясында сарапшылар заңдар мен заңға тәуелді актілерді, субсидиялау талаптарын, мемлекеттік сатып алу іс-шараларын, жер қорын, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы, мал басын, сумен қамтамасыз ету, тұқым қорын, сондай-ақ саладағы білім беру бағытын зерттейтінін атап өтті.

Айта кетейік, AgriTech Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің шешімі бойынша зерттеуге арналған басымдықты үш бағыттың бірі саналады. Олардың ішінде MedTech, GreenTech, AgriTech қамтылған. Qazinnovations инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі жетекші сарапшыларды тарта отырып, аталған секторларға егжей-тегжейлі талдау жүргізуші оператор болып айқындалды.


Соңғы жаңалықтар