Қазақстанда апатты жағдайдағы 6 су қоймасы жөнделеді
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел бойынша апатты жағдайдағы 41 су қоймасының 16-сы қалпына келтірілді. Нәтижесінде халық саны 120 мың адамнан асатын 16 ауылдық елдімекенді су басу қаупі жойылды. Биыл тағы 6 су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін жөнделеді», - деді Досбол Бекмағамбетов Орталық коммуникацмиялар қызметінде тілшілердің сұрағына.
Оның айтуынша, 2025 жылға дейін қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше километр болатын 9 жаңа су қоймасы жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 59,4 млрд теңгеге: Ақмола – 1, Алматы облысы – 1, Жамбыл – 3, Батыс Қазақстан – 2, Қызылорда – 1, Түркістан обылсында – 1 қоймадан салынбақ.
2021 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, көлемі 18,5 млн м3 «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілген.
«2022-2023 жылдары 6 жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуді аяқтау жоспарлануда, бұл жалпы көлемі 1,6 км м3 болатын Ырғайты, Ақмола, Қалғұты, Үлкен Өзен, Бұзылық, Қараөзек және Кіші Өзен су қоймалары. 2023 жылы осы аталған қоймалардың құрылысы басталады. Жалпы аталған жобаларды іске асыру 70 елдімекен мен 137 мың адам үшін су тасқыны қаупін азайтады және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейге су тәуелділігін төмендетеді», - деді спикер.
Бұған дейін Досбол Бекмағамбетов Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді.
Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылған. Оңтүстік және Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отыр.