Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Аптаның алғашқы күні Үкімет қаулысымен Айдар Ахметбекұлы Әбілдабеков сауда және интеграция вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Айдар Әбілдабеков 1970 жылы дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы бастаған. Осы жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеп, сауда саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысты.
1998-2009 жылдары Қазақстан Республикасының кеден органдарында инспектор, аға инспектор, бас инспектор, кеден бекеті бастығының орынбасары, бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді.
2010-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қызметтер статистикасы басқармасының бастығы, Алматы қаласы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының, Алматы қаласының статистика басқармаларын басқарды.
2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары болды.
2023 жылдың шілдесінен бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР МТИ Сауда комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Дәл сол күні астаналық «Барыс» хоккей клубына ресейлік маман Михаил Кравец бас бапкер қызметіне тағайындалды.
Михаил Кравец бапкерлік жолын 2001 жылы бастаған. КХЛ аясында «Витязь», «Амур», «Авангард» және «Куньлунь» командаларының тізгінін ұстаған тәжірибелі маман.
Жаңа бапкермен келісімшарт 2026 жылдың 31 мамырына дейін жасалды. Тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа маусымға арналған «Барыс» клубының жаттықтырушылар штабы төмендегідей:
Бас бапкер – Михаил Кравец
Бас бапкердің көмекшісі – Талғат Жайлауов
Шабуылшылар жаттықтырушысы – Александр Савченков
Қорғаныс жаттықтырушысы – Евгений Королев
Дене дайындығы жаттықтырушысы – Денис Малинин
Видео-талдау жаттықтырушысы – Сергей Тамбулов.
5 тамыз күні Серік Әшіров ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы болды.
Ол 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
ҚР ІІМ Академиясының заң институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы болып бастаған.
2009-2012 жылдары – Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы вице-консулы, бірінші хатшысы.
2013-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің бірінші хатшысы.
2014-2016 жылдары – Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы.
2016-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ЭКСПО-2017 Комиссары хатшылығының кеңесшісі.
2017-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің халықаралық іс-шараларын қамтамасыз ету басқармасының кеңесшісі, басшысы.
2022 жылы – ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің бас инспекторы.
2022-2024 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Протоколының бастығы.
2024 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
Сонымен қатар сол күні Павлодар облысы бойынша сот әкімшілігі департаментінің басшысы болып Гүлстан Темірова тағайындалды.
Гүлстан Темірова 1972 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған.
Мемлекеттік қызметте 23 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Павлодар облысы Май халық соты сот отырысының хатшысы, Екібастұз филиалы сақтандыру компаниясының маманы, қоғамдық-құқықтық қордың заң консультанты, Павлодар қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының, Павлодар облыстық сотының кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2016 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы бойынша сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Өткен аптаның сәрсенбісінде Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі болып Дастан Сұлтанмұратұлы Құдабаев сайланды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 3 тамызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Дастан Құдабаев жаңа қызметке келді. Барлығы 19 707 сайлаушының 70,3 пайызы (13 854 адам) қатысып, өз таңдауын жасаған. «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидат 9626 дауыс (69,5%) жинап, жеңіске жетті.
Дастан Құдабаев 1971 жылы дүниеге келген. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «зоотехния» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы «Шалкөде» шаруа қожалығында зоотехник болып бастаған. Мемлекеттік қызметке 2008 жылы Шалкөде ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде қабылданған.
Әр жылдары Қарасаз және Шалкөде ауылдық округтерінің әкімі, Райымбек пен Кеген аудандары әкімдерінің орынбасары, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.
7 тамыз күні Марғұлан Баймұхан Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды.
Марғұлан Баймұхан 1974 жылы 6 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген.
Польшадағы Краков экономикалық университетін және Канаданың Ванкувер университетін бітірген. Халықаралық басқарудағы ғылым магистрі, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Өз еңбек жолын «Daewoo Electronics» компаниясындағы маркетинг және коммерция мәселелері жөніндегі менеджер ретінде бастаған.
1997 жылы Польшада «River System Ltd.» компаниясының экспорт бөлімінің маманы, кеңесшісі, аймақтық директоры (Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдері) ретінде жұмыс істеді.
Дипломатиялық қызметін 1999 жылдан бастап, СІМ Орталық аппаратында түрлі лауазымдарды атқарды. Қазақстанның Польшадағы елшілігінде жұмыс істеді. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанның Польшадағы Елшісі болды.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.
II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.
Мемлекет басшысының өкімімен Арман Асқарұлы Әбдірәсілов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығының меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Арман Әбдірәсілов 1980 жылы 25 желтоқсанда Ақмола облысында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы 1991-2001 жылдары ҚазҰУ 1997-2001 механика-математика факультеті бітірген.
Бұған дейін, Қазақстанда өткен апта ішінде болған кадрлық тағайындауларды жазғанбыз.