Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Осы апта еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Ербол Дәненұлы Адаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Мұнымен қоса, Дәурен Тілекұлы Ерғарин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
***
Бұл аптада Ерұлан Жамаубаев ҚР Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары болды.
Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев 1974 жылғы 25 наурызда Алматы облысында дүниеге келген.
1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2009 жылы Қазақ экономикалық университетін «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2020 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалды. 2024 жылғы 6 ақпанда бұл лауазымынан босатылды. 2024 жылы 20 мамырдан бастап қазіргі дейін Президент кеңесшісі қызметін атқарып келді.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды.
Берік Уәли 1977 жылы Семей облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» (магистратура), сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
2023 жылғы 12 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Сұлтанұлы Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
Р. Сұлтанұлы 1989 жылы дүниеге келген. 2010 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасының түлегі. 2017 жылы Уорик университетінің (Ұлыбритания) магистратурасын тәмамдаған.
2023 жылғы 1 қыркүйектен 2025 жылдың 17 ақпанына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болды.
***
ҚР Үкіметінің қаулысымен Азамат Кеменгерұлы Әмрин Қазақстан Республикасының ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.
1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды.
***
Бұдан былай Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысын басқарады.
Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
2023 жылдың 8 қыркүйегінде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
***
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасын Айсұлу Ерниязова басқарды.
А. Ерниязова еңбек жолын 2015 жылы әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі жетекші маманы болып бастаған, содан кейін сол жерде жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі комитетті басқарған.
Осы уақытқа дейін Астанадағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры болып жұмыс істеді.
***
Елнар Уахитов Қарағанды облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Е. Уахитов еңбек жолын 2003 жылы «Қарағанды Жылу» ЖШС материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің маркетинг және сапа жөніндегі менеджері болып бастаған.
2017 жылдың қаңтарынан бастап осы күнге дейін Астана қаласы «Есіл» ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
***
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына Файзулла Байдуллаев тағайындалды.
Файзулла Байдуллаев 1985 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Банк ісі» мамандығы бойынша және Шымкент университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.
2022 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы лауазымында еңбек етті.
***
Осы аптада Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне басшы тағайындалды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бұл қызметке Гүлмира Жамбылқызы Сыздықова келді.
Г. Жамбылқызы 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Қызылорда мемлекеттік медициналық училищесінде «Емдеу ісі, фельдшер» мамандығы бойынша білім алса, 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік институтын «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша бітірген.
2017-2023 жылдар аралығында Қызылорда қалалық СЭББ басшысының орынбасары, 2023 жылдан басшысы қызметін атқарды.
***
Шымкенттің бас санитарлық дәрігері тағайындалды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бұл қызметке Талғат Сермаңизов келді.
***
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бұйрығымен Еркін Қуанышев Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі лауазымына тағайындалды.
Еркін Қуанышев 1968 жылы 1 тамызда Жамбыл облысының Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында дүниеге келген. 1986 жылы Жамбыл есепке алу-статистикалық техникумын, 1990 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Экономика» мамандығы бойынша, 1998 жылы Талдықорған заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
***
Күміс Сейітова ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры лауазымына тағайындалды.
Күміс Қарсақбайқызы Сейітова Қарағанды облысында дүниеге келген. Жезқазған педагогикалық институтын, Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті және «Болашақ» академиясын бітірген.
2004-2023 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді, соңғы лауазымы — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы.