Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Аптаның алғашқы күні журналист, бірнеше тележоба авторы Ерболат Мұхамеджан Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені директорының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Ерболат Мұхамеджан — мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі тележурналист және продюсер.
Әр жылдары республикалық телеарналарда қызмет етіп, аналитикалық бағдарламалардың авторы болды. Медиа саласында оқу жобаларын жүзеге асырды.
Білім беру және мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі бар: Maqsut Narikbayev University-де басшылық қызметтер атқарған, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі жүйесінде жұмыс істеген.
Гонконг пен Лондондағы Bloomberg TV арнасында кәсіби тағылымдамадан өткен, Еуропалық Одақтың Брюссельдегі бағдарламаларына және Оңтүстік Кореяда World Journalists Forum-ға қатысқан.
Қазіргі таңда медиа жобаларды жасақтаумен және жүзеге асырумен айналысады, сонымен қатар «Уәде» тележобасының авторы.
Дәл сол күні Бахыт Бекбосынов Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Бахыт Әсенғазыұлы Бекбосынов 1988 жылы 25 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы, 2013 жылы Қайнар университетін «Педагогика және психология» мамандығы (магистратура) бойынша тәмәмдады.
Еңбек жолын 2010 жылы Құқық және бизнес колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.
2013-2022 жылдары Семей медицина университетінің дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы.
2022-2023 жылдары Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, 2023-2024 жылдары Абай облысының олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының директоры.
Тағайындауға дейін Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары болды.
Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы да ауысты. Бұл қызметке Бекжан Бапышев тағайындалды.
Бекжан Мейрамбекұлы Бапышев 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2011 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Құқықтану» мамандығы, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша тәмәмдады.
Еңбек жолын Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында тағылымдамашы ретінде бастаған.
2013-2015 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында өндірістік-техникалық, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылым бөлімдерінде бас маман, 2015-2016 жылдары Алматы ауданы әкімінің аппаратының мүлікті жария ету комиссиясында, өндірістік-техникалық бөлімде техник, бас маман, бөлім басшысы болып еңбек етті.
Әр жылдары Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппаратында инфрақұрылым бөлімі мен Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында абаттандыру және өндірістік-техникалық бөлімдерін басқарып, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Тағайындалғанға дейін Семей қаласы әкімінің орынбасары болды.
Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Мерей Байырхан тағайындалды.
Мерей Бақытбекұлы Байырхан 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген.
2007 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы, 2019 жылы Қазақ көлік және коммуникациялар университеті «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын Астана қаласындағы «Жолаушылар тасымалы орталығы» ЖШС-інде диспетчер қызметінен бастады.
2007 — 2012 жылдары «Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаменті» ММ жетекші маманы, бас маманы, 2015-2016 жылдары «Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бас маманы болып еңбек етті.
2016-2025 жылдары Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары болды.
Тағайындалғанға дейін Абай облысы Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Сейсенбі күні Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып тағайындалды.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Сондай-ақ Жапонияның Ұлттық саясаттық зерттеулер институтында «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін қорғаған. Бұдан бөлек ол 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енген.
Еңбек жолында Зүлфия Сүлейменова әртүрлі мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда қызмет атқарды. Атап айтқанда, ол ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қоршаған орта және орнықты даму мәселелері бойынша кеңесшісі (Бангкок, Таиланд), сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан мен Түрікменстандағы кеңселерінде энергетика және экологиялық саясат бағытында кеңесші болды.
Оған қоса 2022 жылғы наурыз — 2023 жылғы 4 қаңтар аралығында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкері, кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, ал 2023 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарған.
Оған қоса, Энергетика министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры лауазымына Ержан Қошқаров тағайындалды.
Ол — Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы University of Warwick университетінде менеджмент және ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Қазіргі уақытта Astana IT University-де жасанды интеллект бағыты бойынша докторантурада білім алуда.
Ержан Қошқаров — мұнай-газ, газ-химия және тау-кен өндірісі салаларында 14 жылдан астам еңбек өтілі бар жоба менеджері. Siemens, Rolls-Royce, Kent plc, KAZ Minerals сияқты жетекші халықаралық компанияларда және мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеген.
Энергетика министрлігінде ол газ өнеркәсібі, мұнай-газ химиясы және цифрландыру департаменттерінде басшылық лауазымдарды атқарып, салалық ірі жобаларды үйлестірді. Олардың қатарында Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарындағы газ өңдеу зауыттары, полипропилен мен полиэтилен өндіру жобалары, сондай-ақ энергетика саласындағы есепке алу және мониторингтің цифрлық жүйелері бар.
Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Сержанұлы Ғалиев те Қазақстан Республикасының Конго Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Ал Булат Танабергенов Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы болды.
Булат Амангелдіұлы Танабергенов 1976 жылы дүниеге келген. Ақтөбе облыстық тұтынушылар одағының Есеп-сауда колледжін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1999–2000 жылдары — Ақтөбе қаласындағы «Ақбұлақ» АҚ операторы.
2001–2002 жылдары — Ақтөбе қаласындағы «Стройдеталь» ЖШС-да такелажшы.
2002–2009 жылдары Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылымында жетекші маманнан бастап қалалық білім, ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінде ММ бастығының орынбасарына дейін жұмыс істеді.
2009–2010 жылдары — ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті директорының орынбасары.
2010–2012 жылдары — Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының орынбасары, басшысы.
2012–2016 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы.
2016–2023 жылдары — Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы.
2023 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен қатар Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Құдайберген Берікұлы Арымбек берген өтінішіне сәйкес энергетика вице-министрі қызметінен босатылды.
Аптаның екінші күні Энергетика вице-министрі ауысты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ерлан Ақбаров ҚР энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ерлан Есенәліұлы Ақбаров 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық техникалық университетін, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қарағанды техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Жаңаөзен қаласындағы «ӨзенМұнайГаз» АҚ-да оператор болып бастады.
2002–2005 жылдары — Тараз қаласы, «Қазбұргаз» АҚ-да инженер-геолог болып жұмыс істеді.
2005–2012 жылдары — Тараз қаласы, «ҚазТрансГаз» АҚ «Амангелді Газ» ЖШС бөлім бастығы, бас директордың орынбасары, бас директоры.
2012–2013 жылдары — Алматы қаласы «Caspian Contractors Trust» ЖШС бас директорының орынбасары.
2013–2018 жылдары — Қарағанды қаласы «Caspian Contractors Trust» ЖШС бас директоры.
2018–2020 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті басшысының орынбасары, басшысы.
2020–2021 жылдары — «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2021–2022 жылдары — «Қазкенгео» ЖШС директорының орынбасары.
2022–2023 жылдары — ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы.
2023 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Игорь Яковенко 3 жыл өкілеттік мерзімімен сақтандыру омбудсмені лауазымына қайта сайланды. https://kaz.inform.kz/news/saktandiru-ombudsmani-saylandi-b052f1/
Игорь Яковенко сақтандыру омбудсмені лауазымына екінші мерзімге кіріседі. Ол сақтандыру омбудсменінің міндеттерін 2022 жылғы 30 қарашадан бастап атқарады. Оның заңгерлік және экономикалық білімі, сақтандыру және банк секторларында, оның ішінде басшылық лауазымдарда көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Әр жылдары адвокаттық қызметпен айналысты, коммерциялық, азаматтық және басқа да істер бойынша соттарда клиенттердің мүдделерін білдіріп, оларды қорғады.
Ал сәрсенбіде ҚР ТЖМ 2025 жылғы 12 қарашадағы бұйрығымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы болып Дәурен Сансызбайұлы Есімсейітов тағайындалды.
Дәурен Есімсейітов 1984 жылы дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін «заңтану» мамандығы бойынша бітірген.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Тылдық қамтамасыз ету департаментінің директоры, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.
Әр жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқарды.
Мемлекеттік награда «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған (2023 ж.).
Төртінші күні Маңғыстау прокуратурасында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Бас Прокурордың бұйрығымен Маңғыстау облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметіне Жандарбек Спан тағайындалды.
Жандарбек Спан — 1981 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2002 жылы Орталық-азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Прокуратура органдарында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 2024 жылдан қазіргі таңға дейін Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен қатар, Бас Прокурордың бұйрығымен Самет Сәкен Ілиясұлы — Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды.
Сәкен Ілиясұлы — 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2006 жылы Алматы қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер-құқықтанушы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы органдарында бастаған. 2012-2025 жылдар аралығында Бас прокуратурада бөлім аға прокуроры қызметінен бастап, Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары лауазымына дейін қызмет атқарды.
Бас Прокурордың бұйрығымен Жаңаөзен қаласының прокуроры болып Аманиязов Нұрлан Мұратұлы тағайындалды.
Нұрлан Мұратұлы — 1984 жылы Атырау қаласында дүниеге келген және 2004 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Прокуратура органдарында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап Жаңаөзен қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
Сондай-ақ, Бас Прокурордың бұйрығымен Көшбаев Мақсат Сисенұлы Маңғыстау облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры лауазымына тағайындалды.
Мақсат Сисенұлы 1984 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы Таушық ауылында дүниеге келген. 2006 жылы М.С. Нәрікбаева атындағы Астана мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Прокуратура органдарында жұмыс тәжірибесі — 18 жыл. 2019-2023 жылдары — Жаңаөзен қаласы прокурор орынбасары, 2023-2025 жылдары — Жаңаөзен қаласының прокуроры қызметін атқарды.