Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде осы аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

тағайындау
Фото: freepik.com

2 қыркүйекте ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы тағайындалды

Журналист-педагог Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО баспасөз қызметі мәлім етті.

Қанат Әуесбайұлы 1982 жылы 14 қаңтарда қазіргі Тараз қаласында туған.

2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған.

БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар: «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сияқты республикалық арналарда тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші, шеф-редактор, Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, Elorda Aqparat медиа-холдингінің директор орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астанадағы филиалының төрағасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры болып қызмет етті.

2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich).

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. «Turan-Astana» университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алды.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы.

2 қыркүйекте Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі қызметіне тағайындалды.

Ербол Мырзабосынов 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогика институты дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушысы болып бастады.

2009-2014 жылдары — Семей қаласының мемлекеттік педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы, кейін меңгерушісі.

2006-2018 жылдары — Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорттағы жоғары спорт шеберлігі мектебі жаттықтырушы-оқытушысы.

2018-2020 жылдары «Қызылжар арландары» спорт клубының директоры болып жұмыс істеді.

2020-2021 жылдары — «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры.

2021-2023 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болды.

2023 жылы ақпанда Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Аптаның алғашқы күні Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып Нұрсұлтан Маратов тағайындалды.

Нұрсұлтан Шаттықұлы 1993 жылы 10 шілдеде Ақтөбе облысы Темір қаласында дүниеге келген. 4 дипломы бар, атап айтқанда ұлыбританиялық Манчестер университетін, Нидерландыдағы Лейден университетін, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы академиясын және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2018 жылы Инвестициялар комитетінің Астана қаласы бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар департаментінде сарапшы міндетін атқарушы болып бастады. Мәскеудегі ҚР елшілігінде Сыртқы істер министрлігінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша атташесі лауазымында қызмет атқарды. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі – 8 жыл 2 ай. Жаңа орынбасарды ұжымға қала әкімі Жақсылық Омар таныстырды.

3 қыркүйекте Маңғыстау облысы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы тағайындалды.

Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шәкиев облыстық соттардың судьялары мен ұжымдарына СӘ Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Ерсайыновты таныстырды.

Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Ербол Рахымбеков қатысты. Ж.Шәкиев Е.Ерсайыновтың мемлекеттік қызметтегі, оның ішінде сот әкімшілігі саласындағы көп жылдық еңбек тәжірибесін атап өтті.

Спикер жаңадан тағайындалған басшыға жұмысына сәттілік тілеп, Маңғыстау облысы соттарының жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру бойынша бірқатар міндеттерге тоқталды.

Е.Ерсаинов 1979 жылы Шығыс-Қазақстан облысында дүниеге келген. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірді. 2002 жылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды; 2016-2018 жж. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде сектор меңгерушісі; Осы уақытқа дейін коммерциялық салада жұмыс істеді.

3 қыркүйекте Нұрбек Қонротбаев Павлодар облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Нұрбек Зейноллаұлы 1990 жылы туған. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін 2014 жылы «қаржы», 2018 жылы «көлік құрылысы» мамандықтары бойынша аяқтаған. «Құрылыс» мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2009 жылы «Ақсу-құрылыс» ЖШС инженері болып бастаған.

2009 жылдан 2015 жылға дейін мемлекеттік емес құрылымдарда еңбек етті.

2015 жылдан бастап Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарының ТҮКШ саласында инспектордан бастап бөлім басшысына дейінгі әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

2023 жылдың қаңтар-шілде аралығында - Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

2023 жылдың шілдесінен бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып қызмет етті.

Сейсенбіде Павлодар облысының кәсіпкерлік басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

Людмила Рашидқызы 1981 жылы Павлодар қаласында туған. 2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2002 жылы Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының құрылымдық және инвестициялық саясат бөлімінің бас маманы болып бастады. Маманнан бастап экономикалық талдау және болжау бөлімінің басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті.

2016-2021 жылдары облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2021 жылдың мамыр айынан бастап партия жұмысымен айналысты. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін, 2021 жылдың тамыз айынан бері Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі болды.

4 қыркүйекте ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен азаматтық қорғау полковнигі Амрин Рустамбек Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Рустамбек Амрин 1980 жылы 14 қаңтарда Ресей Федерациясының Омбы қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Ресей ІІМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының Екатеринбург филиалын, 2009 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған.

Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 1997 жылдан бастап өрт сөндіру бөлімінің жеке бекетінің профилактикалық құрамы тобының инспекторы, өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметінен бастады. Әр жылдары өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, бастықтың орынбасары, бастығы, Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бөлім бастығы, басқармасының бастығы, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының бастығы лауазымдарында қызмет атқарды.

6 қыркүйек күні Олжас Сүлейменов ҚР Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Олжас Сүлейменов 1980 жылы 2 шілдеде Павлодар қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін үздік бітірді. 2011 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы «Nottingham» университетінде магистр дәрежесін алды.

Өзінің дипломатиялық мансабын 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы қызметінен бастаған.

2003-2004 жылдары ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің атташесі, ал 2004-2005 жылдар аралығында Сыртқы істер министрі Кеңсесінің атташесі, кейін үшінші хатшысы болды.

2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының көмекшісі қызметін атқарды, 2011-2012 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас консультанты.

2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының консультанты қызметін атқарды, ал 2013-2015 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

2015 жылдан 2020 жылға дейін Испаниядағы ҚР Елшілігінде кеңесші және кеңесші-уәкілі лауазымдарында жұмыс істеді.

2020-2022 жылдары ҚР СІМ Америка департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстанның Швециядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы наурыздан бастап ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры болды.

I сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын және испан тілдерін меңгерген.

Жұма күні Шығыс Қазақстан облысында Күршім ауданынан бөлініп шыққан Марқакөл ауданының әкімі болып Рүстембек Кемешев тағайындалды. https://kaz.inform.kz/news/shko-da-zhanadan-kurilgan-markakol-audanina-akm-tagayindaldi-588b3b/

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында жаңа әкімді тұрғындарға таныстырды.

Аудан әкімі болып Рүстембек Кемешев тағайындалды. Бұған дейін Марқакөл ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.

Рүстембек Нәбиолдинұлы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Горный ауылының тумасы.

1996 жылы Теректі мәдениет үйінде ұйымдастырушы лауазымынан бастаған.

1999-2003 жылдары № 2 Теректі орта мектебінің ән және музыка пәнінің мұғалімі болды.

2019 жылға дейін Марқакөл балалар саз мектебінің директоры лауазымын атқарған.

2019 жылдан осы уақытқа дейін Күршім ауданы Марқакөл ауылдық округінің әкімі болды.

6 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының әкімі болып Данияр Дүйсенбаев тағайындалды.

Бұған дейін ол ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін басқарған.

Данияр Бекқазыұлы 1979 жылы бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданы Өркек ауылында дүниеге келген.

2000 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті», 2007 жылы Орталық Азия университетін «құқықтану», 2019 жылы Д,Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек өтілін 1998-2000 жылдары «Тұрмыстық қызмет көрсету үйі» АҚ-да күзетші болып бастаған.

Әр жылдары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік бөлімінің маманы, аталмыш университеттің күзет қызметінің бастығы, Өскемен қаласы әкімдігінің «Іс басқармасы» КМҚК №10 филиалының директоры болып еңбек еткен.

2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері, 2012-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, 2013-2014 жылдары Риддер қаласы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы, 2014-2022 жылдары Риддер қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымын атқарған.

6 қыркүйек күні Астанада Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы мүшелерінің кезектен тыс жиналысы өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қарастырылып, Федерацияның жаңа президенті сайланды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, жиынға қатысқан 20 облыстық федерация мен спорттық ұйымдардың өкілдерінен ұсынылған кандидатураны 14 адам қолдаған. Нәтижесінде Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті ретінде Шамиев Кудрәт Игнатұлы сайланды.

Айта кетелік, Шамиев бұл қызметте Вячеслав Кимді алмастырған болатын. Анықтама: Шамиев Кудрәт Игнатұлы – кәсіпкер-меценат, 34 жаста, Азия-Тынық мұхиты технология және инновациялар университетінде «халықаралық бизнесті басқару» мамандығы бойынша білім алған, еңбек өтілі 12 жыл, қазіргі уақытта «Integra Construction KZ» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, жұма күні «Ақтөбе» футбол клубы жаңа бас бапкерін таныстырды.

Осылайша «Ақтөбе» футбол командасын Игорь Леонов жаттықтыратын болды.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, «Ақтөбе» ФК директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Елеуов команданың ойыншылары және бапкерлік құраммен кездесіп, жаңа бас бапкерді таныстырды.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғ.Елеуов спорттың дамуына, оның ішінде футболға облыс басшылығы көп көңіл бөліп келе жатқанын алға тартып, бапкердің алдына бірқатар міндет қойды.

Соңғы жаңалықтар