Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Апта басында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне Марат Пашимов тағайындалды.

Марат Пашимов 1981 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Медицина ғылымдарының кандидаты. Денсаулық сақтау саласында 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әр жылдары медбике, анестезиолог-дәрігер болып жұмыс істеген. Сондай-ақ реанимация және телемедицина бөлімшесінің меңгерушісі, ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс мен төтенше жағдайлар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарған. Қалалық емхананы, облыстық клиникалық аурухананы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасын басқарған.

2023 жылдан бастап Алматы қаласындағы «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Гүлмира Балғожаева тағайындалды.

Гүлмира Балғожаева 1971 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1993 жылы Атырау педагогикалық институтын «Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясынан «Құқықтану» мамандығын алған.

Еңбек жолын 1993 жылы Ақтау қаласындағы «Техникалық мектеп» оқу-өндірістік бірлестігінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1995–1998 жылдары білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

1998–2001 жылдары Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалында аудармашы қызметін атқарды. 2001–2002 жылдары Экономикалық лицей директорының орынбасары болды.

Мемлекеттік қызметтегі жолын 2003 жылы Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінде талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Кейін осы департаменттің жұртшылықпен байланыс бөлімін басқарды. 2005–2009 жылдары облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, 2009–2017 жылдар аралығында сол қызметтің жетекшісі болды.

2017–2022 жылдары Маңғыстау облысының дін істері басқармасында түрлі бөлімдердің басшысы қызметтерін атқарып, діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын үйлестірді.

2022 жылдан осы уақытқа дейін Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет етті.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып Бекзат Жүсіп тағайындалды.

Бекзат Жүсіп 1989 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Ұштаған ауылында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін, Ұлыбританиядағы Шығыс Англия университетінің магистратурасын тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.

Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында редактор қызметінен бастаған.

2009-2013 жылдары республикалық телеарналарда жұмыс істеді.

2013-2016 жылдары — Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы — бас инспектор болды.

2019-2021 жылдары — «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры.

2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болды.

2022–2023 — Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары.

2023–2024 — «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында болды.

Қарағанды облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып Ардақ Төлеуханұлы Досмақов тағайындалды.

Жалпы еңбек өтілі — 24 жыл. Білімі жоғары. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жүйесінде 18,7 жыл жұмыс істейді. Еңбек жолын бас маманнан басшының орынбасарына дейін өтті.

Соңғы 5 жыл 5 айда Қарағанды мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы орынбасарының қызметін атқарған.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков тағайындалды.

Жаңа қызметінде ол агроөнеркәсіптік кешен, ветеринария және табиғи ресурстарды пайдалану салаларына жетекшілік ететін болады.

Руслан Кенжебеков — Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының тумасы. Мемлекеттік қызметте 2002 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Абай ауданы әкімінің аппаратында бастаған. Кейін Қарағанды облысының Әділет департаментінде әртүрлі лауазымдарды атқарды. Облыстық монополияға қарсы инспекцияны, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментін басқарған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінде кеңесші қызметін атқарған.

2023–2024 жылдары Ақтоғай ауданының әкімі болды. Кейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму және бақылау бөлімінде өңірлік инспектор қызметін атқарды.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап жаңа тағайындауға дейін «ORKENDEU» бизнес пен инфрақұрылымды дамыту қауымдастығы» ЗТБ жанындағы Монополияға қарсы саясат комитетін басқарды.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып Ғани Қойбағаров тағайындалды.

Оның еңбек өтілі - 21 жыл. Алматы Экономика және статистика академиясы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін тәмамдаған.

ММЖК жүйесінде 18 жыл 7 ай жұмыс істеп келеді. Қызметті бас маманнан бастап департамент басшының орынбасарына дейін көтерілген.

Кейінгі 5,5 жылда Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Сәуле Дүйсенбаева тағайындалды.

Сәуле Сансызбайқызы Дүйсенбаева 1974 жылы 7 маусымда ОҚО, Мақтарал ауданы, Ильичевка ауылында дүниеге келді. Білімі — жоғары. Ол Қырғыз медициналық академиясын (1991 — 1997 ж. ж.) емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдаған, біліктілігі-дәрігер. Сонымен қатар Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінде (2013 — 2015 ж. ж.), «Мирас» университетінде оқыған.

Еңбек жолын 1997 жылы Өзбекстан Республикасы Жиззақ қаласында Ана мен бала орталығының акушерия және гинекология бойынша дәрігер-интерні болып бастаған.

Кейіннен 1998 жылы Өзбекстан Республикасы, Жизақ облысы Гагарин қаласындағы «Мырзашол» емханасында акушер-гинеколог дәрігері, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, бас акушер-гинекологі, УДЗ дәрігері, перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2009 жылы Атырау қаласындағы облыстық перзентханада акушер-гинеколог дәрігері қызметінде болды.

2010 жылы Астана қаласының №3 қалалық перзентханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеді.

2011 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №4 облыстық перинаталдық орталығының 2 акушерлік-физиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі болды.

2017 жылы Шымкент қаласы №2 Облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2018 жылы Шымкент қалалық перинаталдық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушысы болды.

2021 жылдан бастап Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып Ғалым Қасымбеков тағайындалды.

Жалпы еңбек өтілі - 21 жыл. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жүйесінде 10 жыл жұмыс істейді.

Еңбек жолын бас маманнан бастап басшының орынбасарына дейінгі сатыдан өтті.

Соңғы 5 жыл 6 айда Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы орынбасарының қызметін атқарған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев бұған дейін атқарып келген бас хатшы қызметінен босап, Дзюдо федерациясының вице-президенті болып тағайындалды.

Айта кетейік, Асхат Жіткеев 2011–2012 жылдары Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасын басқарған, ал 2012 жылдан 2019 жылға дейін Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры қызметін атқарған.

2023 жылдың сәуір айынан бастап Азия дзюдо одағының рефери-директоры лауазымында жұмыс істеп келеді.

Бос қалған бас хатшы қызметіне Тимур Болат тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар