Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Үкімет қаулысымен Ерлан Ермекұлы Сағынаев ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ол 1978 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Солтүстік Қазақстан заң академиясын және Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитетінде бастаған.
Әр жылдары ауданның Салық комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық департаменттері мен орталық аппараттарындағы салалық басқармалар басшысы қызметтерін атқарды.
2008–2021 жылдары Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай және Атырау облыстары бойынша салық департаменттері басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды.
Ал Санжар Серікбайұлы Жаркешов энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Санжар Жаркешов 1986 жылы Қарағанды облысы, Атасу ауылында дүниеге келген. «Қаржы» мамандығы бойынша Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін және АҚШ-тың Остин қаласындағы Техас университетін «Мұнай және газ инженері» мамандығы бойынша бітірген.
2008-2010 жж. — Остин, Техас (АҚШ) қаласында химиялық технологияларды қолдану арқылы мұнай мен газды өндіруді жақсарту бойынша мұнай және геожүйелік инженерия орталығында ғылыми-зерттеу инженері;
2010-2016 жылдары — Калифорния, Колорадо және Техас штаттарында (АҚШ), Атырау облысында ExxonMobil корпорациясының бұрғылау инженері, Иракта бұрғылау бойынша аға инженер, Ресей Федерациясында (Сахалин аралында) бас бұрғылау инженері, Қайшағандағы мұнай және газды кешенді өңдеу жобасында ұңғымаларды өңдеу жөніндегі аға жоба инженері;
2016-2018 жж. — Шотландия, Перт қаласындағы Merlin ERD кәсіпорнының кен орындарының жетекшілері мен бұрғылау жөніндегі жетекші инженері;
2018-2019 жж. — Колумбия, Оман, Ресей Федерациясы, Аляска, АҚШ және Ұлыбританиядағы жобалар бойынша McKinsey and Company Лондон кеңсесінде басқару жөніндегі кеңесші және әлемдік мұнай-газ саласының сарапшысы;
2019-2020 жылдары — геология саласына жетекшілік еткен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі;
2020-2022 жылдары — Нафтогаз UGV бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары — Украинаның «Нафтогаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының барлау және өндіру бөлімі директорының орынбасары;
2022 жылдың ақпан айынан бастап «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м. а.
2022 жылдың наурыз айынан 2025 жылдың мамыр айына дейін — QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, Талғат Амангелдіұлы Момышев су ресурстары және ирригация вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ол 1968 жылы Ақмола облысында дүниеге келген.
1997–1998 жылдары Жамбыл Стандарттау, метрология және сертификаттау орталығының бөлім бастығы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
1998–2000 жылдары — Жамбыл облысы әкімінің аппаратында жалпы бөлімнің аға референті және инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы.
2000–2010 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінде жұмыс істеді. «Метрология» РМК Алматы филиалының басшысы, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК директорының бірінші орынбасары, Астана қаласы бойынша «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ өндірістік басқармасының бастығы және Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2010–2014 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Мұнай және газ министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы.
2014 — 2016 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі Экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы.
2016–2018 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
2018–2019 жылдары — Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
2019 жылдан 2021 жылға дейін ҚР Энергетика министрлігі жауапты хатшы және аппарат басшысы болып қызмет етті.
2021–2023 жылдары — ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі.
2023–2024 жылдары — ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК бас директоры.
2024 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директоры болып жұмыс істеді.
Апта аяғында «Бәйтерек» холдингі құрамындағы жеке компания — Kazakh Tourism Development (KTD) Бас атқарушы директор қызметіне Ержан Еркінбаев тағайындалды.
Kazakh Tourism Development компаниясы еліміздің басым туристік бағыттарының бірі — Алматы тау-кен кластерін дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыру үшін құрылған жобалық кеңсе болып табылады.
Ержан Еркінбаев Қазақ Мемлекеттік Заң академиясын, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған, сондай-ақ Париж бизнес мектебінің MBA дәрежесіне ие.
Оның туризм және мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол. Бұған дейін ҚР Туризм және спорт вице-министрі қызметін атқарған.
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы басқармасына Әділ Исин басшы болды.
Әділ Болатұлы 1992 жылы туған. «Орман ресурстары және орман шаруашылығы», сондай-ақ «Экономика» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.
Еңбек жолын 2015 жылы Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында жетекші маман қызметінен бастады. 2016 жылдан 2018 жылға дейін осы инспекцияда бас маман болып қызмет атқарды.
2018-2020 жылдар аралығында Павлодар қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, кәсіпкерлікті дамыту секторының меңгерушісі лауазымдарында еңбек етті.
2020-2024 жылдары Ертіс ауданы мен Екібастұз қаласының жер қатынастары бөлімдерін басқарды.
2024 жылдың басынан осы лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Қарағанды облысының Білім басқармасын Дулат Шайкенұлы Жекебаев басқаратын болды.
Ол әр жылдары білім беру жүйесінде бірқатар жауапты лауазымдарды атқарды: Осакаров ауданының білім бөлімін басқарды, Осакаров ауданы әкімінің орынбасары болды, Қарағанды қаласының білім бөліміне жетекшілік етті. Сонымен қатар Қарағанды облысы мен Астана қаласының Білім басқармаларында басшының орынбасары қызметін атқарған.
2019–2025 жылдары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді. Бұл кезеңде ол комитет төрағасының орынбасары, министрлік аппаратының жетекшісі болды. Соңғы қызметінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
Теміртау әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне Рауан Азаматұлы Таран тағайындалды.
Рауан Азаматұлы 1992 жылы Қарағанды облысында туған, екі жоғары білімі бар.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (2013 жыл, кәсіби оқыту), Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті (2018 жыл, юриспруденция, экономиканы құқықтық реттеу).
Мемлекеттік қызмет өтілі — 8 жылдан астам.
2013 жылдан бастап Қарағанды облысында жастар саясаты саласында еңбек етті: инспектор, бөлім меңгерушісі, бас маман, бөлім және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
2022–2023 жылдары Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасын басқарды.
2023 жылдан бері Теміртау қаласы әкімінің аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Қызылорда облысындағы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне Бердібаев Ерлан Құлахметұлы тағайындалды
Ерлан Бердібаев Қызылорда қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1984 жылы Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекторы ретінде бастаған.
1986-1987 жылдары Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисі, 1987-1989 жылдары Жаңақорған ауданының Кеңес ауылында № 239 орта мектеп мұғалімі, 1989-1992 жылдары Жаңақорған ауданының «Талап» кеңшарының аға экономисі, 1992-1996 жылдары Жаңақорған ауданы әкімшілігі жанындағы экономикалық комитеттің бөлім меңгерушісі, қаржы бақылау комитетінің аға бақылаушысы, тексерушісі қызметтерін атқарған.
1996-1998 жылдары Қызылорда облыстық қаржы комитетінде, 1998-2009 жылдары облыстық салық полициясында еңбек еткен.
2010-2014 жылдары «Болашақ-Шиелі» оқу орталығының директоры және геологиялық зерттеу экспедициясының № 23 учаске бастығы лауазымдарын атқарған.
2014-2015 жылдары қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы, 2015-2017 жылдары қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы, 2017-2019 жылдары Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әкімшілік -құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болды.
2019- 2020 жылдары қала әкімінің орынбасары, 2020 жылдан осы кезге дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Кызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы лауазымын атқарып келді.