Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада еліміздегі кадрлық ауыс-түйіс әдеттегіден аз болды. Бұл тұрғыда спорт саласында бірнеше тағайындау жасалды.

Тағайындау
Фото: Ақорда

Қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымына Нұрбол Әбдірахманұлы Жүнісбеков тағайындалды. 

Н. Әбдірахманұлы 1985 жылы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында туған. Ұлты қазақ, білімі жоғары. С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетін және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі — Жер ресурстарын басқару және жерді үйлестіру инженері, құқықтану.

Еңбек жолын 2009 жылы Шымкент қаласының жер кадастры филиалында инженер жерге орналастырушы болып бастады.

2012-2018 жылдары Жер кадастры ғылыми өндірістік орталығының сектор басшысы, инженер-жерге орналастырушысы, Сайрам аудандық бөлімше басшысының орынбасары, 2018-2021 жылдары «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамның Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қаласы бөлімінің басшысы, 2021-2023 жылдары Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2023-2025 жылдары Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болды.

13.01.2025 — 28.02.2025 жылдары Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы лауазымында қызмет етті.

***

Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директоры лауазымына Пазылбек Қайрат тағайындалды.

Бұған дейін ол қазақ күресі бойынша аға жаттықтырушы қызметін атқарған.

Пазылбек Қайрат қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші, қазақ күресінен төрешілер алқасының төрағасы, сондай-ақ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бас төрешісі болған. Сондай-ақ ол «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2023 ж.) және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (2024 ж.) марапатталған.

***

Қазақстан су спорты түрлері федерациясының президенті ауысты.

Атап айтқанда, осы аптада Қазақстан су спорты түрлері федерациясында былтырғы маусымды қорытындылау және жаңа маусымға дайындық жиыны өтті. Жиында федерация президенті Андрей Крюков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді.

Оның орнына федерация президенттігіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың кандидатурасы ұсынылып, жиынға қатысушылар, оның ішінде облыстық федерация басшылары мен спорт қауымдастығы өкілдері бірауыздан қолдады.

Сондай-ақ федерация вице-президенті болып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Маратұлы Өтепов сайланды.

Айта кетейік, Қазақстан су спорты түрлері федерациясы 1998 жылы құрылған. Оның құрамына жүзу, су добы, көркем жүзу, суға секіру және ашық суда жүзу кіреді.

***

28 наурыздан бастап KASE басқарма төрайымы Алина Алдамбергеннің өкілеттігі оның өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылды.

А. Алдамбергеннің басшылығымен KASE-нің биржалық айналымы 4 еседен астам артқан. Қор нарығындағы сауда-саттық көлемі 5 есе, мәміле саны 44 есе, акция нарығын капиталдандыру көлемі 2,7 есе, ал KASE индексі 6,5 есе өскен. KASE тобының операциялық кірісі 10 есе көбейсе, комиссиялық кірісі 6 есе, пайыздық кірісі 37 есе артты. KASE тобының таза пайдасы 15 есе, меншікті капиталы 8 есе көбейді. KASE акционерлеріне дивиденд төлей бастады. 2024 жылы дивиденд сомасы 9,26 млрд теңге болды.

Соңғы жаңалықтар