Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – 1-7 маусым аралығында Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Kazinform осы аптадағы негізгі тағайындауларға шолу жасайды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Жиенбаев ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Ержан Жиенбаев 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2002 жылы заң мамандығы бойынша «Тұран» Университетін, 2018 жылы РХШжМҚА-ның «Executive MBA» бағдарламасы бойынша оқу бітірген. 2002–2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек атқарған. 2005-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің аға сарапшысы, бас сарапшысы, бас кеңесшісі, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2012–2013 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2013 жылдан 2019 жылғы шілдеге дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2019 жылғы шілде – қазан аралығында ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылғы қазаннан 2023 жылғы қыркүйекке дейін ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. «Құрмет» (2016), «Парасат» (2021) ордендерімен, ҚР Президентінің Алғысымен (2020), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2021), 7 мерейтойлық медальдары бар.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы қызметіне Нұрмахан Әділбеков тағайындалды.
Нұрмахан Әбілқасымұлы 1973 жылғы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы Шымкент облысындағы «Победа» мақта өсіру совхозында бастаған. Кейін 1995 жылдан 2010 жылға дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде түрлі қызметтер атқарды.
2014-2020 жылдары «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-да әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2020-2022 жылдары Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Республикалық меншік объектілерін сату және жекешелендіруден кейінгі бақылау басқармасын басқарды.
Ал 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Шымкент мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ал 2024 жылдан бері ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары болды
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Жанерке Жақсылық тағайындалды.
Жанерке Алмасқызы Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын денсаулық сақтау саласында 2017 жылы Қызылорда қаласының №3 емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, Қызылорда қалалық орталық емханасында бөлім меңгерушісі, №3 қалалық емханада дәрігер болып еңбек етті. Сондай-ақ аталған емханада бас дәрігердің аудит жөніндегі орынбасары болды.
2024 жылдың қараша айынан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Сонымен бірге, Ерлан Дәкенов Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.
Ол 1977 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетті бітірген. 2000–2008 жылдары – «Ақтоғай Транспорт компаниясы» ЖШС менеджері, заңгері. 2008–2012 жылдары – Астана қаласының Мәдениет басқармасы «Тәуелсіздік сарайы» МКҚК кадр бөлімінің қоюшы-режиссері, продюсер маманы, баспасөз хатшысы, инспектор - аға маманы.
2012–2016 жылдары – ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі» РМҚК директоры.
2016–2019 жылдары – ҚР Мәдениет министрлігі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК директорының орынбасары. 2019–2023 жылдары – Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» МКҚК бас директоры.
2023 жылғы тамыздан бастап соңғы тағайындауға дейін Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония» МКҚК бас директоры.
2025 жылдың 15 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы болды.