Қазақстанда әр өңірдің өзекті проблемаларына талдау жасайтын сарапшылар тапшы

сарапшы
Фото: Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандағы сарапшылар көп жағдайда әріптестерінің не істеп жатқанын білмейді. Осындайда бүкіл елдің зияткерлік әлеуетін біріктіру маңызды. Астанада бас қосқан эксперттер аймақтағы сараптаманың жай-күйіне тоқталды. 

Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өңірлік сарапшылар кеңесінің бағдарлау отырысы өтті. 

Кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың екінші отырысында атап өткен Мемлекет басшысының мемлекеттік саясатты талдамалық сүйемелдеу сапасын арттыру  тапсырмасын іске асыру шеңберінде құрылды.

ҚСЗИ жанындағы өңірлік сарапшылар кеңесі зерттеушілер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам институттары, журналистер және белсенді азаматтар тұлғасында ел өңірлерінің зияткерлік әлеуетін өңірлердегі өзекті жағдайды талдау, проблемалық мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үдерісіне тартуға арналған.

Институт директоры Еркін Тұқымов өзінің алғы сөзінде өңірлік кеңес құрудағы мақсат — өңірлік сарапшылардың «дауысын» күшейту екенін атап өтті.

«Соңғы уақытқа дейін бүкіл назар мемлекеттік ұйымдармен немесе ірі компаниялармен үлестес ұлттық сарапшыларға немесе белгілі бір саладағы сарапшыларға бағытталған. Біз аймақтық сараптама мен сарапшылардың жетіспеушілігіне тап болдық», — деді ол.

Оның айтуынша, басты мақсат — өңірлерге аналитиканы дамытуға көмектесу және өңірлердің дамуына жәрдемдесудің тиімді тетіктерін әзірлеу үшін өңірлерде қабылданып жатқан күш-жігер туралы ел басшылығын барынша объективті және өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету.

«Біз бүкіл елдің зияткерлік әлеуетін біріктіруіміз керек», — деді.

Жетекші талдау орталығының басшысы өңірлік сарапшылардың жұмысына жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

«ҚСЗИ ерекше мәртебесі бар, шешім қабылдаушы органдар және тұлғалармен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан бірлескен аймақтық зерттеулерді бастап, ұсыныс жасай аламыз және оларды ең жоғары деңгейге көтере аламыз», — дейді Еркін Тұқымов.

Еркін Тұқымовтың пікірінше, аймақтық сарапшылар ерекше сапа — терең эмпатияға ие.

«Өңірде тұратын сарапшы оның дамуына, проблемаларына бей-жай қарамайды. Біздің өңірдегі сарапшыларымыз — жан-жақты білімі мен бірегей тәжірибесі бар мамандар, сіздер стратегияны әзірлеуге баға жетпес үлес  қоса аласыздар», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ҚСЗИ басшысы қатысушылардың назарын мемлекеттік саясат қалыптасатын қағидатқа аударды.

«Бүгінде бұл принципті top down approach немесе „жоғарыдан төмен“ деп атауға болады. Шешімдер орталықта қабылданып, өңірлерге түседі. Bottom up approach немесе „төменнен жоғарыға“ қарама-қарсы принципі, яғни, өңірден орталыққа, өңірлермен өзара әрекеттесудің жаңа моделі болуға тиіс», — деді спикер.

ЧелМУ Қостанай филиалы әлеуметтік, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары кафедрасының профессоры Денис Качеев мұндай бастаманың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мен ҚСЗИ-нан Қазақстанның сарапшылар қауымдастығын біріктіруді және әртүрлі салалардағы сарапшылардың ақпараттық базасын құруды сұраймын. Біз бір-бірімізді біліп, бірге жұмыс істеуіміз керек. Сарапшылар қауымдастығы көп жағдайда әріптестерінің не істеп жатқанын білмейді. Бірлескен ғылыми зерттеулер мен бірлескен монографиялар шығаруға болар еді. ҚСЗИ қазақстандық сарапшылардың бас қосатын орнына айналса дұрыс болады», — дейді Денис Качеев.

Ал журналист Ботагөз Омарова жұмыс форматы шынымен өзгеріп жатқанын және барлық мәселеге, атап айтқанда, аймақтық проблемаларға құлақ асады деп үміттенетінін жеткізді. 

«ҚСЗИ журналистер пулын құру керек деп есептеймін. Журналистер пулын құрған кезде  жүргізілген жұмыс пен өзекті мәселелерді жария етуге мүмкіндік болады. Әйтпесе, атқарылып жатқан жұмыс дұрыс насихатталмай, танылмай жатқан сияқты. Мен журналистермен жұмыс істеуге деген көзқарасымды ұсынуға дайынмын», — деді ол.

Алматы даму орталығының басқарушы директоры Руслан Бармашев — IT қауымдастық өкілі. Ол кеңес дұрыс жұмыс істеуі үшін мен веб-сайт, талдаулар мен зерттеу нәтижесін жариялауға болатын портал құруды ұсынды. 

«Мен үшін аналитика сөзі, ең алдымен, деректерді талдау, сондықтан веб-сайт тек бірінші қадам, ал болашақта сарапшылар үшін де, мемлекеттік органдар үшін де шешім қабылдауға көмектесетін, жақсы аналитика жүргізуге негіз болатын data lakes деректер базасын құруымыз керек», — деді Руслан Бармашев.

Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығының жетекшісі, Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Аслан Кабегенов да біраз бастама көтерді.

«Менің ұсынысым — түрлі топтар нақты мәселелерді талқылай алуы үшін сарапшылар мен аналитиктер пулын айқындау. Бүкіл ақпаратты қамту мүмкін емес. Тәжірибе алмасудың пайдасы жоғары. Басқа аймақтарда сәтті кейстер бар, оларды кеңес платформасында жария етуге болады», — дейді ол. 

Кеңестің негізгі міндеті — өңірлерді дамытуға жәрдемдесудің тиімді тетіктерін әзірлеу үшін мемлекеттік саясатты талдамалық және сараптамалық сүйемелдеу сапасын арттыруды фасилитациялау арқылы өңірлерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жетілдіруге ықпал ету.

Кездесуде қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, кеңес жұмысы бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Шараға білім мен ғылымнан бастап бизнес пен медиаға дейінгі мемлекеттік және жеке сектордың түрлі бағыттарында жұмыс істейтін еліміздің барлық өңірлерінің сарапшылары, оның ішінде зерттеушілер, бизнесмендер, ЖОО оқытушылары, заңгерлер, журналистер, еріктілер қозғалысы, ТКШ, әлеуметтік сала өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар