Қазақстанда асфальтбетон өндірісі цифрлық бақылауға алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026–2029 жылдары асфальтбетон өндірісін бақылау мен жол құрылысы барысындағы техникалық қадағалауды цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Kaztraffic 2026» халықаралық көрмесінде ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.

Укладка асфальта
Фото: Көлік министрлігі

Оның сөзінше, жол сапасын жақсарту, қауіпсіздігін арттыру және қызмет ету мерзімін ұзарту үшін құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде талапты күшейту қажет.

– Жолды жобалаудан бастап салу, күтіп ұстауға дейін сапаға баса мән беру керек. Ғылыми негізделген шешімдерге, заманауи құрылыс технологияларына, климаттық жағдай мен көлік жүктемесіне сай материал таңдауға ерекше назар аударып отырмыз, – деді Мақсат Қалиақпаров.

Вице-министрдің айтуынша, жолдың жай-күйін бағалау, жөндеу жұмыстарын жоспарлау және олардың сапасын бақылау нақты деректерге сүйеніп жүргізілуге тиіс. Ал жасанды интеллект пен зияткерлік көлік жүйелері жол желісін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта алдағы жылдары KazRoadLab және E-Joldar жүйелерін біріктіріп, жол саласындағы цифрлық бақылауды одан әрі дамыту көзделген.

Мақсат Қалиақпаров жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жол жабынының қанша жылға шыдайтыны құрылыс материалдарының сапасына, технология талаптарының сақталуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін E-Joldar платформасына республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол туралы дерек енгізілгенін жазған едік⁠.