E-Joldar: Қазақстандағы 41 мың шақырым жолдың цифрлық дерекқоры жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автомобиль жолдары туралы мәліметтерді біріктіретін E-Joldar бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жоба аясында жол саласындағы 12 ақпараттық жүйені біріктіру жоспарланған. Қазір платформаға республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол туралы дерек енгізілген.
E-Joldar әр жол учаскесінің цифрлық тарихын қалыптастырады. Онда жөндеу жұмыстарының мерзімі, мердігерлер, пайдаланылған материалдар мен зертханалық сынақтардың нәтижелері сақталады. Бұл деректер жол сапасын бағалап, оның мерзімінен бұрын бұзылу себептерін анықтауға көмектеседі.
Платформаны e-Otinish жүйесімен біріктіру де жоспарланған. Енді тұрғындардың жол жағдайына қатысты шағымдары нақты учаскелер бойынша қаралады.
Жүйе жүргізушілерге де қолжетімді болады. Олар жолдардың жай-күйі туралы ақпарат алып, бағыт бойындағы жанармай құю бекеттерін, демалыс және тамақтану орындарын таба алады.
E-Joldar платформасын 2027 жылдың жазында іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, елдегі жол сапасын бағалауға Жапония технологиясы да тартылуы мүмкін.